Қазақстанда 160-тан аса адам мүгедектік алу үшін жалған медициналық құжат жасатқан

Қазақстанда мүгедектікті белгілеу үшін медициналық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, медициналық құжаттарды талдау нәтижесінде қолдан жасау белгілері бар 167 дерек анықталған.
“Тексеру барысында жүйелік сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Бұл жекелеген жағдайларда дәрігерлердің бір үлгідегі, қайталанатын медициналық қорытындыларды пайдалануы мүмкін екенін көрсетеді. Атап айтқанда әртүрлі пациенттерге бірдей мазмұндағы құжаттардың "көшірме" тәсілімен рәсімделгені тіркелген. Сонымен қатар зертханалық талдаулардың нәтижелері, анамнез және мамандардың қорытындылары толық сәйкес келетін жағдайлар анықталды. Мұндай құжаттарда тек пациенттердің жеке деректері мен тексеру күндері ғана өзгертіліп, негізгі мазмұны өзгеріссіз қалдырылған”, – делінген хабарламада.
ОқыңызБарлық материалдар тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жолданды.
Комитеттің аумақтық департаменттеріне бақылау қайта куәландыруларын жүргізу тапсырылып, қазіргі таңда олардың 73-і орындалды. Күмәнді жағдайлар бойынша әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылды, ал заңбұзушылықтар расталған жағдайда мүгедектік тағайындау туралы бұрын қабылданған шешімдер заңнамаға сәйкес қайта қаралады.
Еске салсақ, осыған дейін Тараз қаласының тұрғыны жалған құжаттар рәсімдеп, заңсыз жолмен мемлекеттен пәтер алғанын жазғанбыз.