Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалың мал мәһрдің орнына жүре ме: Мүфтият түсініктеме берді

маһр қалыңмал
Фото: pexels.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалың мал мен мәһрге қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге түсініктеме берді. Діни басқарманың мәліметінше, жігіттің қыздың әулетіне берген қалың малы болашақ келіннің келісімімен мәһр ретінде есептелуі мүмкін. Алайда бұл жағдайда әйелдің өз еркімен келісім беруі міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалың мал – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі. Бұрын жігіттің отбасы қыздың ата-анасына мал-мүлік берсе, қыз жағы оның орнына жас жұбайлардың жаңа өміріне қажетті жасау дайындаған.

Ал мәһрдің шариғаттағы орны бөлек. Ол – күйеу жігіттің некеге тұру кезінде әйеліне беруге міндетті сыйы. Мәһр әйелдің жеке меншігі саналады.

Осы екі ұғымның айырмашылығына байланысты қоғамда қалың мал мен мәһрді қатар беру қажет пе, әлде біреуі екіншісінің орнына жүре ала ма деген сұрақ жиі талқыланады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешіміне сүйене отырып, қалың мал ретінде берілген дүниені қыздың келісімімен мәһр деп есептеуге болатынын түсіндірді. Егер болашақ келін бұған келіспесе, мәһр бөлек берілуі керек.

Нұрсұлтан мешітінің наиб имамы Жандос Айтбайдың айтуынша, мәһр некенің маңызды шарттарының бірі. Ал қалың мал беру некенің дұрыс болуына міндетті талап саналмайды.

“Егер некеде мәһр берілмесе, неке дұрыс болмайды. Ал қалың мал берілмесе, неке дұрыс болып саналады. Егер жігіттің қалың мал ретінде беріп жатқан дүниесін қыз "Мен осыны мәһр ретінде қабылдадым, менің мәһрім осы болсын" десе, онда қалың мал мәһрдің орнына жүреді", – деді имам.

Сондай-ақ діни басқарма мәһрді неке қию кезінде, оған дейін немесе кейін беруге болатынын еске салды. Бұл ретте ең бастысы – екі тараптың өзара келісімі.

Ал қалың мал беру дәстүрі қалыптаспаған өңірлерде неке қию кезінде мәһр мәселесі міндетті түрде ескерілуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы неке шарттарының талаптары мен шарттары туралы айтқан еді.  

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 08:05