eGov-тағы тексеріс жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерден айыруы мүмкін бе? Еңбек министрлігі жауап берді
eGov Mobile қосымшасында жәрдемақы алушылардың әлеуметтік жағдайын бағалайтын жаңа калькулятор іске қосылды. Сервис отбасының табысы, мүлкі, несие міндеттемелері мен өзге де көрсеткіштерін ескеріп, әл-ауқатына алдын ала баға береді. Дегенмен оның қорытындысы жәрдемақыдан айыруға немесе төлемді тоқтатуға әсер етпейді. Калькулятор мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді автоматты түрде жинап, азаматтарға отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әл-ауқатты бағалау калькуляторы не үшін қажет?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, eGov Mobile қосымшасындағы "Әл-ауқатты бағалау калькуляторы" жәрдемақы алушыларға отбасының тұрмыс деңгейін алдын ала анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар сервис есептеу кезінде қандай деректер ескерілетінін көрсетеді.

Калькулятор тек жәрдемақы алушыларға қолжетімді. Оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пайдалануға болады. Есептеуді бірнеше рет жүргізуге де рұқсат етілген. Мәселен, азамат енгізген мәліметтерін қайта тексеріп, қажет болса, есептеуді жаңадан жасай алады.
Калькулятор қандай мәліметтерді автоматты түрде жинайды?
eGov Mobile қосымшасына кіргенн соң азамат туралы кейбір ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі. Олардың қатарында:
- пайдаланушының жынысы мен жасы;
- атына тіркелген жеңіл және коммерциялық көлік құралдары;
- ауыл шаруашылығы техникасы;
- жылжымайтын мүлік;
- жер учаскелері;
- кәсіпкерлік қызметке қатысуы туралы мәліметтер бар.
Демек азамат бұл ақпаратты қайтадан қолмен енгізуге міндетті емес. Тек жүйе көрсеткен деректердің дұрыстығы мен өзектілігін тексеруі қажет.

Қандай ақпаратты азаматтың өзі енгізуі керек?
Отбасының әлеуметтік жағдайын толық бағалау үшін кей мәліметтерді пайдаланушы өзі толтырады.
Атап айтқанда, калькуляторда:
- азаматпен бірге тұратын отбасы мүшелерінің саны мен құрамы;
- олардың жұмыспен қамтылу жағдайы;
- мүгедектігінің немесе созылмалы ауруларының болуы;
- несие міндеттемелері;
- отбасы мүшелеріне тиесілі мүлік туралы ақпарат көрсетілуі керек.
Тұрғын үй, автокөлік және жер учаскелері отбасының әр мүшесі бойынша жеке енгізіледі. Ал отбасының сыйақылар мен қосымша төлемдерді қоса алғандағы орташа айлық табысы бір жалпы сома ретінде көрсетіледі.
Қате мәлімет енгізілсе не болады?
Калькулятордың қорытындысы азамат енгізген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығына тікелей байланысты. Мысалы, отбасы мүшелерінің бірі есепке алынбаса немесе оның табысы мен мүлкі көрсетілмесе, жүйе шығарған нәтиже отбасының нақты жағдайына сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан есептеуді бастамас бұрын отбасы құрамын, табыс көлемін және мүлік туралы мәліметтерді мұқият тексерген жөн.
Кей жағдайда мемлекеттік дерекқорда бұрыннан өзектілігін жоғалтқан ақпарат сақталуы мүмкін. Мәселен, азамат әлдеқашан сатып жіберген көлік әлі де өз атына тіркелгендей болып көрінуі ықтимал.
Мұндай жағдайда пайдаланушы калькулятордың ішіндегі мәліметтерді алдын ала есептеу үшін түзете алады. Алайда бұл өзгерістер мемлекеттік дерекқордағы ресми ақпаратты өзгертпейді.
Егер ресми деректерде қате болса, оны түзету үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы тиісті мемлекеттік органға жүгіну қажет. Сонымен қатар азамат тұрғылықты жері бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне өтініш бере алады.
Әлеуметтік желідегі калькуляторларға сенуге бола ма?
Министрлік азаматтарға әлеуметтік желілерде таралып жүрген әл-ауқатты бағалау калькуляторларын пайдаланбауға кеңес береді. Себебі олардың ресми қызметтерге қатысы жоқ және нәтижелері шынайы болмауы мүмкін.
Отбасының әлеуметтік жағдайын дұрыс бағалау үшін тек eGov Mobile қосымшасындағы ресми “Әл-ауқатты бағалау калькуляторын” пайдалану қажет.

Калькулятордың нәтижесі жәрдемақыға әсер ете ме?
Бұл – азаматтар үшін ең маңызды сұрақтардың бірі. Есептеу аяқталған соң пайдаланушы алдын ала нәтижемен танысып, оған келісетінін немесе келіспейтінін көрсете алады. Бұдан бөлек, сервис жұмысына бес балдық шкала бойынша баға беріп, өз пікірін еркін форматта қалдыру мүмкіндігі бар. Бұл ұсыныстар калькуляторды жетілдіру кезінде ескеріледі.
Дегенмен калькулятордың нәтижесі жәрдемақы тағайындау туралы ресми шешім болып саналмайды. Ол тек ақпараттық-анықтамалық мақсатта әзірленген.
Демек жүйе шығарған қорытынды азаматтың жәрдемақы алуға құқығы бар-жоғын анықтамайды, төлем мөлшерін өзгертпейді және оны тоқтатуға негіз болмайды.
Сол сияқты пайдаланушының есептеу нәтижесімен келісуі немесе келіспеуі, сервиске баға беруі не пікір қалдыруы да әлеуметтік төлемдерге әсер етпейді. Калькуляторды пайдалану жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту туралы өтініш ретінде қарастырылмайды.
Қысқасы, eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқатты бағалау калькуляторы отбасының табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ескеріп, оның әлеуметтік жағдайына алдын ала баға беруге арналған. Ол азаматтарға өз қаржылық жағдайын саралап, мемлекеттік дерекқордағы ақпаратты тексеруге көмектеседі. Ал жәрдемақы тағайындау мен төлемді тоқтату мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес бөлек қаралады.
Еске салсақ, 18 қазанда Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор іске қосылған еді. Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады