Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қосылғанына бір күн ғана болған отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор істен шықты

калькулятор
Фото: magnific.com

Қазақстандықтардың бір бөлігі eGov Mobile қосымшасында іске қосылған отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторын пайдалана алмай отыр. Қызмет таныстырылғаннан кейін бір күн өтпей-ақ кейбір азаматтар үшін қолжетімсіз болып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

18 қазан күні eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалайтын ресми калькулятор іске қосылған еді. Қызмет 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау аясында әзірленген.

Алайда 19 қазанда азаматтар онлайн калькуляторды пайдалана алмай қалды. Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде калькуляторды пайдалана алмай жатқандарын жарыса жазды.

Кейбір желі қолданушылары сервиске тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алып жүрген азаматтар ғана кіре алатынын алға тартты. 

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде калькуляторды пайдаланып көрген қазақстандықтар нәтижеге қатысты наразылық білдірді. Олардың айтуынша, калькулятор көптеген отбасыны орта тапқа жатқызған. Осыған байланысты кейбір азаматтар жәрдемақыдан бас тартып, мемлекеттік көмекті мұқтаж адамдарға қалдыруы мүмкін екені айтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі калькулятор енгізілген кезде оның нәтижесі азаматтың өзі көрсеткен мәліметтер негізінде есептелетінін түсіндірген. Сондықтан нәтиже тек ақпарат беру үшін қолданылады және мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға немесе тоқтатуға негіз болмайтыны атап өтілді. 

Еске салсақ, 18 қазанда Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор іске қосылған еді. Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 22:10