Жәрдемақы санаттары: Қандай мүлкі бар қазақстандықтар бай немесе кедейлік шегінде деп танылады
Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі. Ал декреттік төлемдер мен әлеуметтік көмектің 22 түрі бұрынғы тәртіппен сақталады. Бұл туралы 16 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасылар қандай санаттарға бөлінеді?
Министрдің айтуынша, Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың тұрмыс жағдайы бағаланады. Жүйе 59 көрсеткішті есепке алып, отбасыларды бес санатқа бөледі.
А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары отбасылар. Бұл санатты анықтау үшін белгілердің кемінде екеуі қатар болуы қажет. Бір адамға шаққандағы айлық кіріс 356 мың теңгеден басталғанда, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі болғанда, ірі бизнес және люкс санатындағы автокөлік болғанда әл-ауқаты жоғары деңгейдегі отбасыға жатады. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерінің болуы да ескеріледі. Бұл санатқа 329 мың немесе 5% үй шаруашылықтары жатады.
В санатын анықтау кезінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыстың 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін болуы, бір адамға шаққанда 60–120 шаршы метр аумаққа сәйкес келетін бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының, премиум санатындағы автокөліктің және орта бизнестің болуы ескеріледі. Сонымен қатар жүк көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы және 50–300 гектар аралығындағы жер учаскелері есепке алынады. Министрдің айтуынша, В санатына шамамен 1 млн үй шаруашылығы немесе 16%-ы жатады.
С санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар. Бұл санатқа шамамен 3,2 млн үй шаруашылығы жатады. Олардың жан басына шаққандағы айлық табысы 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін, ал бір адамға шаққандағы тұрғын үй аумағы 40 шаршы метрден асады. Отбасында жеке кәсіпкер немесе шағын кәсіпорын болуы, сондай-ақ бұқаралық сегменттегі автокөлік болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасылар үшін 5–50 гектар аралығындағы ауыл шаруашылығы жерінің болуы да ескеріледі.
Бұл санатқа мұқтаждық критерийлері қолданылмайды. Олар жәрдемақыларды бұрын қалай алып келсе, солай ала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары сақталады
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар. Бұл санатқа шамамен 1,4 млн үй шаруашылығы жатады. Олардың жан басына шаққандағы айлық табысы 51 мыңнан 102 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелері болуы, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыс істемеуі және бір адамға шаққандағы тұрғын үй аумағының кемінде 18 шаршы метр болуы ескеріледі. Бұл санатқа да мұқтаждық критерийлері қолданылмайды.
Е санаты – аса мұқтаж отбасылар (128 мың). Табысы жоқ немесе кірісі кедейлік шегінен төмен отбасылар. Олардың меншікті баспанасы болмауы, отбасында еңбекке қабілетті адамның болмауы және несиесі 90 күннен астам мерзімге кешіктірілуі мүмкін.
Қандай жәрдемақылар сақталады?
Министрліктің мәліметінше, республикалық бюджеттен берілетін 36 жәрдемақының 22-сі бұрынғы тәртіппен төленеді. Олардың қатарында ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге және басқа да ерекше әлеуметтік топтарға арналған төлемдер бар.
Ал қалған 14 жәрдемақы отбасының мұқтаждығына қарай тағайындалмақ. Олар С, D және Е санатындағы отбасыларға беріледі. А және В санатындағы отбасыларға бұл төлемдер қарастырылмаған.

Декреттік төлемдер тоқтай ма?
Жұмыс істеген әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жүктілік пен босануға байланысты төлем бұрынғыдай сақталады. Баланы бір жарым жасқа дейін күтуге арналған қор төлеміне де отбасының әл-ауқат санаты әсер етпейді. Ал республикалық бюджеттен төленетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны С, D және Е санатындағы отбасыларға ғана беру көзделіп отыр.
Банк мәліметтерін бермесе не болады?
Отбасының қаржылық жағдайын анықтағанда жалақысы ғана емес, несиелері мен басқа да шығындары ескеріледі. Ол үшін екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасу жүйесі біріктірілмек. Министрлік бұл жұмысты 1 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Банк құпиясына жататын мәліметтерді алу үшін отбасының әр мүшесінің келісімі қажет.
"Егер азамат дербес деректерін өңдеуге келісім бермесе, әлеуметтік төлем уақытша тоқтатылады. Оның себебін анықтап, әр жағдайды жеке қараймыз", – деп түсіндірді министрлік өкілі.
Өз санатын қалай білуге болады?
Министрдің айтуынша, отбасының әл-ауқатын алдын ала анықтайтын арнайы калькулятор дайындалған. Оны 16 қазанда eGov және eGov Mobile арқылы қолжетімді ету жоспарланған.
Азамат калькуляторға өз жағдайына қатысты мәліметтерді енгізіп, қай санатқа жатуы мүмкін екенін біле алады. Ал жүйеде қате ақпарат болса, оны eGov жеке кабинетінен тексеріп, тиісті мемлекеттік органға түзетуге өтініш бере алады.
Асқарбек Ертаев өзгерістер бюджетте ақша жетіспегендіктен жасалып жатқан жоқ екенін айтты.
"Бюджетте қаражат жеткілікті. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік көмекті шынымен қажет ететін азаматтарға жеткізу. Қазір А санатындағы 77 мың, В санатындағы 475 мың адам әлеуметтік төлем алып отыр. Алдағы уақытта мұқтаж отбасыларға берілетін көмекті күшейту жолдарын қарастырамыз", – деді министр.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Яғни әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екеніне мән беріледі.
Дегенмен бұл өзгеріс барлық жәрдемақыға бірдей қатысты емес. Жаңа тәртіп заңда көрсетілген әлеуметтік төлем түрлеріне ғана қолданылады.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады