"Ұлы шындықты айтып қойды": Блогер Super.mamasita көмектеспек болған көпбалалы ананың өзін алдағанын айтты
Көпшілікке Super.mamasita лақап атымен танымал блогер Әлия Байтуғаева қайырымдылық аясында үйін жөндеп бермек болған әйелдің өзіне жалған мәлімет айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, әйел балаларымен бірге тұратынын айтқан баспана іс жүзінде бос тұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер бұл отбасыға “Қайырымды жұма” айдары аясында көмектесуді жоспарлаған.
Оған көпбалалы ана хабарласып, балаларымен бірге жөндеу көрмеген үйде 2017 жылдан бері тұрып жатқанын айтқан. Алайда баспананы көруге барған Әлия Байтуғаеваға онда ешкім тұрмайтын секілді көрінген.
Әйел бастапқыда өз сөзінен айнымаған. Кейін ұлы олардың бұл үйде тұрмайтынын айтқаннан кейін, басқа жерде тұратынын түсіндірген. Оның айтуынша, қазіргі баспанасы алыста орналасқан әрі үй иесі блогерлерді кіргізуге рұқсат бермейді. Ал жөндеп беруге ұсынған үйдің кімге тиесілі екенін Байтуғаева анықтай алмаған көрінеді.

Блогер болған жағдайға көңілі қалғанын жасырмады. Дегенмен әйелдің өмірлік жағдайын толық білмегендіктен, оның жеке басын жарияламауды жөн көріпті.
“Бұл – хайп емес! Мен сенгіш адаммын. Араларыңызда мен сияқты жандар көп екеніне сенімдімін. Бірақ мейіріміміз бен шынайы сезімімізді біреудің өз пайдасына пайдаланғанын қаламаймын. Бұл әйелдің бүкіл өмір жолын білмегендіктен, оны жұртқа көрсеткім келмейді. Мұндай қадамға неге барды? Тұрмыс тауқыметі мәжбүрледі ме? Жүздерін әдейі жасырдым. Мақсатым – осы оқиғамен хайп жинау емес, қайырымдылықтың екінші қырын көрсету”, – деді ол.
Блогер әйелдің мұндай әрекетке не себепті барғаны өзіне де белгісіз екенін айтты. Сондай-ақ қайырымдылық пен біреудің есебінен үй жөндетуді шатастырмауға шақырды.
“Оның шын мәнінде қалай тұратынын, қайдан келгенін білмеймін. Мүмкін, мұны әдетке айналдырған шығар, әлде қатты мұқтаж болғандықтан осындай қадамға барды ма? Жауапсыз сұрақ көп. Достар, мен кез келген адамға тегін жөндеу жасап бермеймін. Біреудің есебінен үйін жөндеткісі келетіндерге бұл жоба арналмаған. Ондайда жұмыс істеп, ақша жинап, өз күштеріңізбен жағдай жасауларыңыз керек”, – деді блогер.
Ол оқырмандарын өзгенің мейірімін пайдаланбауға және ең алдымен өз ар-ұжданының алдында адал болуға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ата-ана жазылып кеткен баласының еміне 4 жыл бойы ақша жинап, қаржыны шопинг пен құмар ойынға жұмсағаны хабарланған еді.
Қазақстан халқына қоры миллиард теңге тұратын Zolgensma препаратын сатып алуға көмектеспейтін болды: Дертке шалдыққан балалардың ата-аналары алаңдаулы