Бірі атасына уәде берді, бірі әлемде топ жарды: AUYL SPORT чемпиондарының әсерлі оқиғалары

Астанада бес күн бойы ауыл балаларының арманы мен намысы сынға түсті. 3–7 қараша аралығында өткен AUYL SPORT – 2026 республикалық турнирінде еліміздің 17 өңірінен келген 1700 жас спортшы бақ сынап, 107 медаль сарапқа салынды. Бұл додада бірі атасы мен әжесіне берген сертінде тұрып, алтын медаль жеңіп алса, енді бірі үлкен спортқа бастар жолдағы алғашқы белесін бағындырды. Ал жобада шыңдалған жас өрендер бүгінде халықаралық жарыстарда топ жарып, ауыл баласының да әлемдік аренада биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеп жүр.
Ауылда шыңдалған өрендер әлемдік додада топ жарды
AUYL SPORT жобасы ауыл балаларының үлкен спортқа жол ашып, халықаралық жарыстарда топ жаруына мүмкіндік беріп келеді. 2025 жылы Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасында жоба қатысушылары үш алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Биыл Түркияда Жансүгіров ауылының қыздары мен Өтеген батыр ауылының ұлдары волейболдан чемпион атанды.
Ташкентте Назерке Болатбек үстел теннисінен күміс жүлде иеленсе, Ақтауда Қуандық Базархан мен Сұлтан Құдайберген каратэден алтын алды. Ал Ыстықкөлде Қоңырөлең мен Әулиекөл ауылдарының баскетбол командалары қола жүлдегер атанды.

Атасы мен әжесіне берген сертін орындаған чемпион
AUYL SPORT – 2026 турнирінде жарыстың нәтижесінен бөлек, көпшіліктің көңілін толқытқан сәт те болды. Жас спортшылардың бірі атасы мен әжесіне берген уәдесін орындап, алтын медаль жеңіп алды.
Былтыр оның атасы мен әжесі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен Меккеге барып қайтқан. Сол кезде немересі де бір күні үлкен жарыста жеңіске жетіп, жақындарын қуантамын деп өзіне серт берген екен. Биыл сол мақсатына жетіп, республикалық турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
"Бір жыл бұрын атам мен әжем Halyk қорының қолдауымен Меккеге барып келді. Сол кезде мен де алтын алып, оларды қуантамын деп өзіме серт берген едім. Бүгін, міне, сол уәдемді орындадым. Бұл жеңісімді атам мен әжеме, ата-анама арнаймын. Ендігі арманым – халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, көк туымызды желбірету", – дейді жас чемпион.

Астанадағы турнирге арнайы келген Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев та ауыл балаларына жігер беріп, үлкен спорттағы жетістікке жетудің басты сыры еңбек пен табандылық екенін айтты.
"Мен де бала кезімде үлкен рингке шығып, Қазақстанның намысын қорғауды армандадым. Ол кезде Олимпиада ойындарына қатысамын деп нақты елестете де алмадым. Бірақ күн сайын жаттығып, алға ұмтылдым. Бүгін осы жерде тұрған балалардың арасынан болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенемін. Ең бастысы – армандарыңнан таймаңдар. Жеңіске жету үшін талантпен бірге еңбек, тәртіп және төзім керек", – деді Қамшыбек Қоңқабаев.
Чемпионды тәрбиелейтін – бапкер
Әр чемпионның жеңіске жетуінде оны спортқа баулып, шеберлігін шыңдаған жаттықтырушының еңбегі зор. Әсіресе ауылдағы балалар үшін бапкер тек спорт үйрететін маман емес, үлкен мақсаттарға жігерлендіретін тәлімгер.

Сондықтан AUYL SPORT жобасы жас спортшылармен қатар, ауыл жаттықтырушыларының кәсіби дамуына да көңіл бөліп келеді. Биыл еркін күрестен ұйымдастырылған арнайы семинарға еліміздің 17 өңірінен 50-ден аса бапкер қатысты. Сондай-ақ халықаралық сарапшы Уве Бремнің қатысуымен үш қалада шахмат жаттықтырушыларына арналған оқыту курстары өтті. Нәтижесінде ауылда еңбек ететін 50-ден астам маман біліктілігін арттырды.
Ауылдың үміті – елдің ертеңі
Биыл үшінші рет ұйымдастырылған AUYL SPORT жобасы еліміздің 17 өңіріндегі 400-ден астам ауылдан 12 мың баланы қамтыды. Олардың арасынан іріктелген 1700 жас спортшы республикалық финалда өнер көрсетті.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын толық өтеп, шалғай ауылдағы балалардың үлкен жарысқа қатысуына мүмкіндік беріп келеді. Сонымен қатар, биыл үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың туған ауылдарында 10 көпфункционалды спорт алаңын салу жоспарланып отыр.

Кеше ауылда жаттыққан өрендердің бүгін халықаралық додаларда топ жаруы – тынымсыз еңбек пен жүйелі қолдаудың жемісі. Ал атасы мен әжесіне берген сертін орындаған жас чемпионның арманы әлі алда. Оның да бір күні әлемдік аренада көк туымызды желбіретуге деген үміті зор.
Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылды