Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды “маскүнем, ақымақ” деп балағаттаған әйелге іздеу жарияланды

азамат
Фото: Видеодан скрин

Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қорлап, әлеуметтік желіде балағат сөздер жазған Виолетта Паршинаға іздеу салынды. 52 жастағы әйел ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іздеу ісі 10 қарашада тіркелген. Қазір әйелді Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы іздестіріп жатыр. Қолда бар мәліметке сәйкес, ол тергеуден бой тасалап жүр.

іздеу
Фото: gov.kz

Еске салайық, жанжал 2026 жылдың сәуірінде басталған. Сол кезде Threads желісінде Виолетта Паршинаның Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы жазған пікірлері тараған еді.

Ол Желтоқсан көтерілісіне арналған жазбалардың астына оқиғаға қатысқандарды “маскүнем, ақымақ, ауылдың мәңгүрттері” деп қорлайтын пікір жазып қалдырған. Сонымен қатар желі қолданушылары әйелдің қазақ халқын қорлайтын басқа да сөздер жазғанын байқаған.

Бұл жазбалар қоғамда үлкен наразылық тудырды. Қазақстандықтар әйелді Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша жауапқа тартуды талап етіп, құқық қорғау органдарына жаппай шағымданды. 

Кейін полиция қызметкерлері әйелдің кім екенін анықтап, оны бөлімшеге жеткізген. Сосын оның әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні айтылған. Жанжалдан кейін Виолетта Паршина жарнама агенттігіндегі жұмысынан да айырылған. Компания өкілдері оның айтқан сөздерімен келіспейтінін мәлімдеп, онымен еңбек қатынасын тоқтатқан.

Алматылық әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі (Әлеуметтiк, ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазір Виолетта Паршина ресми түрде іздеуде жүр. Оның қайда екенін білетін азаматтар Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасына хабарлай алады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 14:49