Алматыда Достық даңғылының тротуары жаңбырға шыдамай опырылып түсті
Алматыдағы Достық даңғылында жауыннан кейін тротуардың бір бөлігі опырылып, аумақты су басты. Жаяу жүргіншілер жолдан өте алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада қала тұрғыны Достық даңғылының жағдайына шағымданған.

Оның айтуынша, алғашқы жаңбырдан кейін жол жабыны бүлініп, тротуардың бір бөлігі шөгіп кеткен.
“Қысқасы, баяғы жартас – сол жартас. Алғашқы жаңбыр жауа салысымен жолдың быт-шыт болғаны ма? Тағы да сол жағдай. Тротуардың тұтас бір бөлігі опырылып түсіп, айналаны су басты. Алматының орталық даңғылы саналатын Достық көшесінде жаяу жүргіншілер жолдан өте алмай қалды. Алда қыс келе жатыр. Енді не боларын ойлаудың өзі қорқынышты”, – деп жазды ол.

Аталған жағдайға қатысты “Алматы жылу желілері” компаниясы түсініктеме берді.
“Достықтың әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде жылу желілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Қатты жауын-шашын кезінде осы аумақта топырақтың бір бөлігі шөккен. Ақауды мердігер ұйым биыл 11 қарашада кепілдік міндеттемелері аясында жөндейді”, – делінген жауапта.
Оған қоса компания Достық даңғылын жаңғырту жобасы аясында тротуарға тас төселіп, веложолақ салынғанын хабарлады. Аумақ көгалдандырылып, автоматты суару жүйесі орнатылған. Бұдан бөлек, кабель желілері тартылып, сыртқы жарықтандыру бағандары қойылған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылғаны туралы жазған едік. Автобустар жолда тұрып қалып, жұрт жұмысқа кешіккен. Кейбір тұрғындар бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр болған. Жаз бойы жол жөндеу жұмыстарына шағымданған тұрғындар әкімдікті әрекетсіздікке айыптаса, аудан әкімдігі мердігерге айыппұл салынғанын мәлімдеді.
Қазақстан халқына қоры Zolgensma препаратын сатып алуға көмектеспейтін болды: Дертке шалдыққан балалардың ата-аналары алаңдаулы