Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге дейін жетпек

докторантура
Фото: Pexels

Қазақстанда PhD докторантурада білім алып жүргендердің шәкіртақысы 2029 жылға қарай 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қазір олардың ай сайынғы шәкіртақысы шамамен 260 мың теңгені құрайды. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтай отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство басшысының сөзінше, кейінгі бес жыл ішінде докторанттарға төленетін шәкіртақы екі есеге ұлғайған. Алдағы уақытта да төлем мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр.

"Қазір PhD докторанттары ай сайын шамамен 260 мың теңге шәкіртақы алып отыр. Соңғы бес жылда оның көлемі екі есеге артты. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. 2029 жылға дейін шәкіртақыны 500 мың теңгеге жеткізу жоспарымызда бар", – деді Саясат Нұрбек.

Министр жас зерттеушілерге көрсетілетін қолдау тек шәкіртақы төлеумен шектелмейтінін де жеткізді.  

"Мемлекет басшысының қолдауымен жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп келеді. Кейінгі екі жылдың ішінде 813 жас ғалым тұрғын үй алды", – деді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақстандық ерлі-зайыпты Азат Қаймолдиев пен Асылайдың өмірі туралы жазған едік. Азат Бристоль университетінде, ал жұбайы Эксетер университетінде ғылыми зерттеу жүргізіп жүр. Төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты оқуымен қатар қосымша жұмыс істеп, екі шәкіртақының арқасында отбасын қамтамасыз етіп отырғанын айтқан. Олар докторантураны аяқтаған соң Қазақстанға оралып, алған білімдерін ел игілігіне пайдалануды жоспарлап отыр.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 15:57