Төрт баласымен Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақ отбасы шетелдегі өмірі жайлы айтты
34 жастағы ақтөбелік Азат Қаймолдиев бүгінде Ұлыбританиядағы Бристоль университетінде докторантурада оқиды. Оның жұбайы Асылай да Эксетер университетінде ғылыми зерттеу жүргізіп жүр. Ерлі-зайыпты тоғыз, алты, төрт және бір жасар төрт қыз тәрбиелеп отыр. Шетелде туыстарының көмегінсіз бала тәрбиелеп, оқу мен жұмысты қатар алып жүрген Азат Қаймолдиев Stan.kz тілшісіне отбасылық өмірі, кездескен қиындықтары, бала тәрбиесі және елге оралу жоспары туралы айтып берді.
Азат Қаймолдиев Ақтөбе қаласының тумасы. 2010 жылы мектеп бітірген соң Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне “Геодезия және картография” мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 2014 жылы үздік дипломмен тәмамдап, сол жылы “Болашақ”халықаралық стипендиясының иегері атанады.
Осылайша бала күнінен шетелде білім алуды армандаған жас жігіттің өмірінде жаңа кезең басталады. 2015 жылы Канададағы Торонто университетінде бір жыл академиялық ағылшын тілін меңгеріп, кейін Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетіне магистратураға түседі. Мұнда Human Geography Research бағыты бойынша білім алып, 2017 жылы оқуын аяқтайды.
“Шетелде оқу туралы арманым мектеп кезінен басталды. Бірақ ол уақытта ағылшын тілін өте нашар білетінмін. Сондықтан бұл арманым орындалмайтындай көрінетін. Шетелде тек ерекше дарынды, данышпан адамдар ғана оқи алады деп ойлайтынмын. Кейін белгілі бір мақсат қойып, соған жету үшін еңбектенсең, кез келген арманды жүзеге асыруға болатынын түсіндім”, – дейді Азат.
Қазақстанға оралған соң ол 5 жылдан астам уақыт түрлі ұйымдарда қызмет атқарып, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Ал 2023 жылы “Болашақ” стипендиясын екінші рет жеңіп алып, сол жылдың қыркүйегінде Бристоль университетінде докторантурада оқуын бастаған.
“Жұбайым да PhD оқуға шешім қабылдап, докторантураға түсті”
Азат Ұлыбританиядағы докторантураға оқуға түскен соң, отбасымен бірге Бристоль қаласына қоныс аударады. Жаңа ортаға бейімделіп, тұрмысын бір жүйеге келтіргеннен кейін жұбайы Асылай да ғылыми жолын жалғастыруға бел буыпты.
“Докторантураға бірінші болып мен 2023 жылы түстім. Бір жылдың ішінде қалаға бейімделіп, тіпті өзімізді жайлы сезіне бастадық. Сөйтіп жұбайым да өзін тексергісі келіп, PhD бағдарламасына түсуге бел буды. Оның бұл шешімін бүкіл отбасымызбен қолдадық. Әрқайсымыз қолдан келгенше көмектестік. Нәтижесінде ол Эксетер университетіне оқуға түсіп, 2025 жылғы қыркүйекте білімін бастады”, – дейді ол.
Қазір Асылай Эксетер университетінде Computer Science бағыты бойынша докторантурада оқиды. Ол мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне бағдарламалауды тиімді меңгеруге көмектесетін жасанды интеллект өнімін әзірлеп жатыр.
Ал Азат Бристоль университетінде білім беру, көшбасшылық және саясат бағыты бойынша зерттеу жүргізеді. Оның ғылыми жұмысы Қазақстандағы өңірлік университеттерге білікті оқытушылар мен зерттеушілерді тарту және оларды тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру мәселесіне арналған.
“Менің зерттеуімнің негізгі идеясы – талантты мамандардың тек Астана мен республикалық маңызы бар қалаларға ұмтылмай, өңірлерге де барып жұмыс істеуіне жағдай жасау. Олар сол аймақтың дамуына және университеттердің әлеуетін арттыруға үлес қоса алуы керек. Ал жұбайымның зерттеуі мүлде басқа бағытта. Сондықтан ғылыми жұмыстарымыз тікелей байланысты емес. Дегенмен бір-бірімізге сұрақтар қойып, зерттеуімізді жетілдіруге көмектесеміз”, – дейді докторант.
“Төрт баламен докторантурада оқу оңай емес”
Ерлі-зайыптының төрт қызы бар. Үлкені тоғызда, одан кейінгілері алты және төрт жаста. Ал кенжесі небәрі бір жас жеті айлық.
Азаттың айтуынша, балалары жаңа ортаға тез үйренген. Себебі Қазақстаннан көшіп келгенге дейін-ақ ағылшын тілін меңгерген. Қазір қыздарының барлығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ал тұңғыштары қосымша испан және француз тілдерін үйреніп жүр.
Дегенмен төрт баланың тәрбиесі мен екі адамның ғылыми жұмысын қатар алып жүру оңай емес. Әсіресе оқу тапсырмаларын орындау, ғылыми жетекшілермен кездесу және балаларға уақыт бөлу үшін күнделікті тіршілікті алдын ала жоспарлауға тура келеді.
“Әлемнің жетекші университеттерінде докторантурада оқу өз алдына үлкен еңбек. Ал төрт балаң болса, жауапкершілік те бірнеше есе артады. Өйткені ғылыми жұмыспен қатар ата-аналық міндеттеріңді де атқаруың керек. Соған қарамастан балаларымызбен уақыт өткізгенді жақсы көреміз. Оларды мектепке апарамыз, мектептегі іс-шараларға қатысамыз, бірге музейлер мен галереяларды аралап, кітапханаға барамыз”, – дейді Азат.
Қазір Асылай апта сайын ғылыми жетекшілерімен кездеседі. Бұдан бөлек, университет бакалавриатының студенттеріне компьютерлік ғылымдар бойынша сабақ береді.
Ал Азат көбіне үйден жұмыс істейді. Ол үшін үйіндегі бір бөлмені арнайы жұмыс кабинетіне айналдырған.
“Үйдегі бір бөлмені кеңсе етіп жабдықтап алдым. Үш монитор орнатып, жоғары жылдамдықты интернет қостым. Уақытымның басым бөлігінде үйден жұмыс істеймін. Консультациялар өткіземін, қазақстандық студенттерге онлайн дәріс оқимын. Ай сайын Бристольге барып, ғылыми жетекшілеріммен кездесіп, диссертациямның қалай жүріп жатқанын талқылаймын. Жалпы бәріне үлгеруге болады. Бірақ ол үшін көп физикалық және эмоциялық күш жұмсауға тура келеді”, – дейді ол.
“Біріміздің шұғыл жұмысымыз болса, екіншіміз балаларға қараймыз”
Азат пен Асылайдың ата-аналары Қазақстанда тұрады. Сондықтан Ұлыбританиядағы күнделікті тіршілікте балаларға негізінен өздері қарайды.
Отбасында міндеттер қатаң бөлінбеген. Керісінше, кімнің жұмысы шұғыл болса, екіншісі сол сәтте балаларға көбірек көңіл бөледі.
“Егер біріміздің тапсырманы тапсыратын уақытымыз жақындап, шұғыл жұмысымыз көбейсе, екіншіміз жағдайды түсініп, балаларға көбірек қараймыз. Яғни ең алдымен ненің маңызды екенін анықтап, соған қарай әрекет етеміз. Біздің отбасымызда бәрі командалық жұмысқа негізделген. Барлығын бірге, ақылдасып істейміз”, – дейді ол.
Балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру да аса қиындық туғызбаған. Азаттың сөзінше, білім беру мекемелерінде бос орындар болғандықтан, қыздарын еш кедергісіз қабылдаған.
Ол Ұлыбританиядағы балаларға жасалған жағдайға да тоқталды.
“Мектеп пен балабақша мәселесі тез шешілді. Балаларымызды еш қиындықсыз қабылдады. Бұл мекемелердегі білім сапасы, инфрақұрылым және балаларға жасалған жағдай өте жоғары деңгейде. Ең бастысы, мұның бәрі біз үшін тегін”, – дейді қазақстандық.
Ал Қазақстандағы ата-әжелерімен қыздар бейнеқоңырау арқылы жиі сөйлеседі. Әкелерінің айтуынша, осылайша балалар туыстарымен байланысын үзбей, олардың қамқорлығы мен қолдауын сезініп отырады.

“Екі стипендия мен қосымша жұмыс қаржылық тұрақтылық береді”
Ұлыбританияда алты адамнан тұратын отбасының шығыны аз емес. Әсіресе баспана, азық-түлік және күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын қаражат отбасылық бюджетті жоспарлауды талап етеді.
Алайда Азаттың айтуынша, екі адамның стипендия алуы және қосымша жұмыс істеуі отбасының тұрмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
“Ұлыбританияда өмір сүрудің өзі өте қымбат. Бірақ біздің жағдайда екі стипендиямыз бар. Оның үстіне екеуміз де қосымша жұмыс істейміз. Осының бәрі белгілі бір қаржылық тұрақтылық беріп, жақсы өмір сүруге мүмкіндік жасап отыр”, – дейді ол.
Дегенмен ерлі-зайыптының демалысқа көп уақыты бола бермейді. Докторантура бірнеше жыл бойы үздіксіз еңбек етуді талап етеді. Сондықтан бос уақыттың басым бөлігін отбасымен өткізуге тырысады.
“Біз демалыс күндері балаларымызбен саябаққа немесе киноға баруға тырысамыз. Ал жұбайым екеуміз үнемі сөйлесіп, ақылдасып отырамыз. Өйткені ортақ міндеттеріміз бен жауапкершілігіміз көп”, – дейді Азат.

“Болашақ” стипендиясын екі рет қалай жеңіп алды?
Азат Қаймолдиев өзін “Болашақ” бағдарламасының екі мәрте стипендиаты болғанын мақтан тұтатынын айтады. Ол халықаралық бағдарлама қазақстандық жастарға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Алғаш рет ол стипендияға 2014 жылы университет түлегі санаты бойынша құжат тапсырған. Оған алдын ала дайындалуы көмектескен.
“Университеттің төртінші курсында оқып жүргенде Қазтест пен TOEFL PBT емтихандарын тапсырып қойдым. 2014 жылғы жазда диплом алған соң Астанаға барып, конкурсқа құжаттарымды өткіздім. Қолымда қажетті сертификаттар болғандықтан, бірден іріктеудің үшінші кезеңіне жіберілдім. Кешенді тестілеуден жоғары балл жинадым. Ол кезде үміткерлердің IQ деңгейі мен басқа да қабілеттері тексерілетін. Кейін он адамнан тұратын комиссия мүшелерімен сұхбаттасып, стипендияға ұсынылдым”, – дейді ол.
Ал екінші рет конкурсқа қатысқанда оның шетелде білім алу тәжірибесі де, кәсіби жетістіктері де болған. Ең бастысы, алғашқы стипендия бойынша Қазақстанда жұмыс істеуге қатысты міндеттемелерін толық орындаған.
“Екінші рет тапсырғанда әлдеқайда тәжірибелі үміткер едім. Іріктеу аясында сандық және вербалды тест тапсырдым, тұлғалық сауалнамадан өттім. Одан кейін бес тәуелсіз сарапшымен онлайн сұхбат болды. Нәтижесінде екінші рет “Болашақ” стипендиясын жеңіп алдым”, – дейді ол.
Азаттың сөзінше, екі конкурста да бәсекелестік жоғары болған. Сондықтан үміткердің академиялық дайындығы ғана емес, өзінің кәсіби мақсатын дәлелдей алуы да маңызды.
“Қазақстанда білімді, дарынды жастар өте көп. Сондықтан екі жағдайда да бәсеке жоғары болды. Комиссия мүшелерін өзімнің кәсіби біліктілігім мен қабілетіме сендіре алғаныма қуаныштымын. Енді олардың үмітін ақтап, Қазақстанның дамуына үлес қоса аламын деп сенемін”, – дейді докторант.

“Болашағымызды Қазақстанмен байланыстырамыз”
Ұлыбританияда білім алып, ғылыми жұмыспен айналысып жүрген ерлі-зайыпты докторантураны аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралуды жоспарлап отыр.
Азаттың айтуынша, шетелде өмір сүру мен білім алу олардың кәсіби көкжиегін кеңейткенімен, болашақтарын туған елінен бөлек елестете алмайды.
“Иә, біз елге оралуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан – біздің Отанымыз. Өмірімізді де осы елмен байланыстырамыз. Қазақстанда ата-анамыз, туыстарымыз бен достарымыз бар. Жинаған білімімізді, зияткерлік әлеуетімізді және халықаралық тәжірибемізді еліміздің игілігіне пайдаланғымыз келеді”, – деп түйіндеді Азат Қаймолдиев.
Азат шетелде оқыған жылдары тек академиялық білім алып қана қоймай, түрлі елден достар тауып, өмірлік тәжірибе жинағанын жеткізді. Ендігі мақсаты – меңгерген білімі мен дағдыларын Қазақстанда қолдану.
Төрт баласымен Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақ отбасы шетелдегі өмірі жайлы айтты