Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Трамптың ұлдарына қатысы бар Қазақстандағы кен орнына қаржы бөлмеуі мүмкін

Вольфрам
Фото: Pexels

АҚШ-тың мемлекеттік қаржы ұйымдары Қазақстандағы Cove Kaz Capital компаниясының вольфрам жобасына 1,6 миллиард доллар бөлуге дайын емес. Қаржы ұйымдарын жобаның болашағы мен геосаяси тәуекелдер алаңдатады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Bloomberg хабарлауынша, қаржыландыру екі бөліктен тұруы мүмкін еді: АҚШ Экспорттық-импорттық банкі (EXIM Bank) 900 миллион доллар, ал АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) 700 миллион доллар бөлуі керек болған. 2025 жылы екі ұйым да жобаға қызығушылық білдіретін хат берген. Бірақ мұндай хаттар қаржы бөлінетініне кепілдік бермейді.

DFC өкілі Bloomberg-ке корпорация қазір бұл келісімді қарастырып жатпағанын айтқан. Жоба қаржыландыруды бағалаудың төрт кезеңінің біріншісінде тұр. EXIM Bank-тің қызығушылық хатының мерзімі тамызда аяқталған, ал компания оны ұзартуды сұраған. Банк бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Cove Kaz Capital өкілдері АҚШ шенеуніктері жобаны әлі де қолдайтынын айтады. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың сөзінше, Cove Kaz Capital 2027 жылы техникалық-экономикалық негіздемені аяқтаған соң қаржыландыруға ресми өтінім беруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, оған дейін компанияға қарыз қаражаты қажет емес.

Жоба Трамптың отбасымен қалай байланысты?

Қаржыландыру мәселесі әзірге шешілмесе де, Cove Kaz Capital компаниясы АҚШ қор биржасына шығуға дайындалып жатыр. 2 қарашада компания АҚШ-та Kaz Resources атауымен листинг өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Сондай-ақ Трамптар отбасымен байланысты American Ventures компаниясы жобаға 32 миллион доллар инвестициялауға міндеттеме алғанын мәлімдеді.

Компания келісім аясында бизнестің құнын 1,97 миллиард долларға бағалап отыр. Бұл — алдыңғы бағалаудан 76%-ға жоғары. Kaz Resources 2031 жылдан бастап АҚШ-қа вольфрамды ұзақ мерзімге жеткізуді көздейді.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы АҚШ президентінің ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамп компанияның 1%-дан аз жанама үлесіне ие болуы мүмкін екенін жазған. Ағайындылардың өкілі олардың бизнесті басқаруға қатыспайтынын мәлімдеді. Компания да Трамптардың Қазақстандағы жобаға қатысты келіссөздерге араласпағанын айтады.

Қазақстандағы жоба туралы не белгілі?

Kaz Resources компаниясының Қазақстандағы негізгі активі — Қарағанды облысындағы “Северный Катпар” кен орны. Cove Kaz Capital 2026 жылғы мамырда кен орнын игеріп жатқан компанияның 70% үлесін сатып алу жөніндегі келісімді аяқтады. Қалған 30% үлес “Самұрық-Қазына” қорының “Тау-Кен Самұрық” компаниясына тиесілі. Келісім құны 114,8 миллион доллар болған.

Kaz Resources бұған дейін Nasdaq биржасына гонконгтік Skyline Builders компаниясымен бірігу арқылы шығуды жоспарлаған. Кейін бұл тәсілден бас тартып, 2027 жылы АҚШ-та акцияларын тікелей орналастыруға ниетті екенін хабарлады.

Компанияның бағалауынша, жоба толық қуатына шыққанда әлемдегі вольфрам өндірісінің 15%-ына дейін қамтамасыз ете алады. Қазір кен орнының техникалық-экономикалық зерттеуі жүргізіліп жатыр. Компания кен өндіруді 2030 жылы бастауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ұлттық банк шетелдіктердің қысқа мерзімді бағалы қағаздарды сатып алуын шектемек.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:07