Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы вольфрам жобасы 2 миллиард долларға бағаланды: Дональд Трамптың ұлдарының да үлесі бар

Дональд Трамптың ұлдары
Фото: Bloomberg via Getty Images

Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеріп жатқан Kaz Resources жобасы 2027 жылы АҚШ қор биржасына шығуды жоспарлап отыр. Компанияның болжамды құны 2 миллиард долларға бағаланған. Ал АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трамптың жобадағы жанама үлесі 1%-дан аз болады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

 

Компания биржаға қалай шықпақ?

Бұған дейін Kaz Resources Гонконгтағы Skyline Builders компаниясымен бірігіп, Nasdaq биржасына шығуды жоспарлаған. Алайда 2 қарашада екі компания бұл келісімді тоқтатып, басқа жолды таңдады. Енді жобаны дамытып жатқан Cove Kaz Capital Group 2027 жылдың бірінші жартысында АҚШ-тың ірі биржаларының біріне акцияларын тікелей орналастырмақ. Яғни компания биржаға шығу үшін бұрынғыдай басқа биржалық компаниямен бірігуді көздемейді. Жаңа жоспар бойынша акцияларын тікелей қор нарығына шығарады.

Skyline Builders жариялаған мәліметке сәйкес, Cove Kaz Capital Group жаңа инвесторлардан 32 миллион доллар көлемінде қаржы тарту туралы келісімге келген. Бір акцияның бағасы 8 доллар деп белгіленіп, компанияның жалпы құны шамамен 1,97 миллиард долларға бағаланған.

 

Трамптың ұлдары жобадан қанша пайда көруі мүмкін?

Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трамптың Қазақстандағы жобаға қатысы бірнеше инвестициялық келісім арқылы қалыптасқан. 2024 жылы Трамптың ұлдары ішінара иелік ететін Dominari Holdings қаржы компаниясы Skyline Builders-ке инвестиция тартуға көмектескен. Кейін Skyline Қазақстандағы вольфрам жобасын дамытып жатқан компаниямен бірігуге келіскен. Енді бұл келісім тоқтатылғанымен, Трамптың ұлдары жобадағы жанама үлесін сақтап қалады.

The Wall Street Journal мәліметінше, олардың жиынтық үлесі 1 пайыздан аз болады. Компания 2 миллиард долларға бағаланса, бұл үлестің есептік құны 20 миллион доллардан төмен. Дегенмен бұл нақты алынған табыс емес, компанияның болжамды бағасына сүйенген есеп. Жоба жетекшісі Пини Альтхаустың айтуынша, Трамптың ұлдары – пассивті инвесторлар. Олар компанияны басқаруға қатыспайды. Бұған дейін бұл мәміле АҚШ сенаторы Элизабет Уорреннің сынына ұшыраған. Ол президент отбасының бизнеске қатысы мен ықтимал мүдделер қақтығысы туралы мәселе көтерген еді.

Қазақстандағы вольфрам кенінің әлеуеті қандай?

Жобаның негізгі активтері – Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындары. Бірлескен кәсіпорында Cove Kaz Capital Group-тың үлесі 70 пайыз болса, “Тау-Кен Самұрық” ұлттық компаниясы қалған 30 пайызына иелік етеді.

Компанияның есебінше, кен орындары толық қуатында жұмыс істесе, жылына 12 мың тоннаға дейін вольфрам өндіруге мүмкіндік бар. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 15 пайызына тең. Компания өндірісті 2030 жылы бастауды көздеп отыр. Қазір кен орындарын игеру бойынша техникалық-экономикалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Вольфрам әскери өнеркәсіпте, жоғары технологиялық өндірісте және жартылай өткізгіштер саласында қолданылатын стратегиялық металл саналады. Қытай бұл шикізаттың әлемдік жеткізілімінде басым орынға ие болғандықтан, АҚШ балама жеткізушілерді іздеп жатыр.

Жобаға АҚШ-тың да қызығушылығы жоғары. Компанияның құжаттарында АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен Халықаралық даму қаржы корпорациясынан жалпы сомасы 1,6 миллиард долларға дейінгі ықтимал қаржыландыруға қатысты қызығушылық хаттары бары көрсетілген. Бұл қаржы әзірге түпкілікті бекітілген инвестиция емес.

Айта кетейік, бұған дейін америкалық миллиардер АҚШ-тың қолдауымен “Лукойлдың” шетелдік активтерін сатып алатыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 11:34