Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкалық миллиардер АҚШ-тың қолдауымен "Лукойлдың" шетелдік активтерін сатып алмақ

Лукойл
Фото: TACC

Америкалық миллиардер әрі қаржыгер Тодд Боэли АҚШ санкциясына іліккен "Лукойлдың" шетелдегі активтерін сатып алу үшін консорциум құрды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, кәсіпкер "Лукойл" активтерін сатып алу бәсекесіне қатысу үшін АҚШ үкіметінің және Дональд Трамптың отбасымен байланысы бар Парсы шығанағындағы ықпалды тұлғалардың қолдауына ие болған.

Консорциум құрамына америкалық мемлекеттік корпорация DFC, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары және Катардың Әл-Хайят әулеті кірді. Дереккөздердің мәліметінше, DFC корпорациясы шамамен 15% үлеске ие болуы мүмкін, ал Боэли корпорациямен бірге директорлар кеңесіндегі орындардың басым бөлігіне ие болады.

"Лукойлдың" шетелдегі активтері шамамен 20 миллиард долларға бағаланған. Олардың қатарында мұнай-газ кен орындары, мыңдаған жанармай құю станциясы және Еуропадағы ірі мұнай өңдеу зауыттары бар.

"Лукойлдың" Қазақстандағы активтері бұл мәмілеге кірмейді. Компания оларды Қазақстан үкіметіне сатуға жеке келісім жасаған. Алайда бұл мәміле үшін де АҚШ Қаржы министрлігінің рұқсаты қажет.

Айта кетейік, Тодд Боэли 2022 жылы Роман Абрамовичтен "Челси" футбол клубын сатып алғанымен де танымал. Боэли өткен аптада "Челси" футбол клубындағы үлесін сатты.

Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтарында әлімдік БАҚ-та "Лукойл" компаниясы саудиялық Midad-пен активтерін сату жөнінде келісімге қол қойғаны туралы ақпарат тараған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 22:10