Алматы облысының әкімдігі шетелдік инвесторға қарсы сотта жеңіліп, 11 миллиард теңге төлеуге міндеттелді

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) бірінші сатыдағы соты Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы мен "International Academy of Medicine and Sciences" (IAMS) ЖШС арасындағы дауға қатысты шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс шетелдік инвестор "International Academy of Medicine and Sciences" ЖШС-нің Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасына қарсы берген талап арызы негізінде қаралған.
Сот мемлекеттік органды инвесторға 11 миллиард теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттеді.
Сот шешіміне сәйкес, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы инвесторға:
- 11,08 миллиард теңге көлемінде капиталдық инвестициялық шығындарды (КИШ);
- 305,8 млн теңге көлемінде айыппұлды;
- 35,3 млн теңге көлемінде сот шығындарын төлеуге міндеттелді.
Құжатта көрсетілгендей, барлық төлемдер сот бұйрығы шыққан күннен бастап 28 күн ішінде жүргізілуі тиіс. Шешімді АХҚО сотының судьясы Лорд Фолкс КС шығарды.
Сот шешімінде талапкердің мемлекеттік сараптамадан өткен жаңартылған жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес нақты шығындарды өндіруге құқығы дәлелденгені айтылған.
ОқыңызДаудың тарихы
Айта кетейік, инвестор мен Алматы облысы әкімдігі арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
2020 жылы IAMS компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын сенімгерлік басқаруға алған.
2022 жылдың соңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестормен меморандумға қол қойған еді. Құжат аясында инвестор өз қаражаты есебінен Қонаев қаласында 360 орындық облыстық аурухана, фармацевтикалық зауыт және Қазақстан–Үндістан қос диплом бағдарламасы бойынша халықаралық университет салуы тиіс болған. Жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 30 миллиард теңгеден асатыны айтылған.
Алайда кейін тараптар арасындағы қарым-қатынас нашарлаған. Инвестор әкімдікті меморандум бойынша әрекетсіздік танытты деп айыптаса, облыс билігі компанияны МЖӘ келісімі аясындағы міндеттемелерді орындамады деп мәлімдеген.
2023 жылдың қарашасында инвестор денсаулық сақтау басқармасына қарсы АХҚО сотына талап арыз түсірген еді.
Еске салсақ, бұған дейін швейцариялық инвестор Қазақстанда миллиардтаған теңгелік алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы жазған едік.
"101 раушан, көлік, телефон мен жеке мобилограф": Түлектердің бітіру кешінде алған қымбат сыйлықтары қазақстандықтардың талқысына түсті