Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайлық инвесторлар қысым көргенін мәлімдеді: Прокуратура Шымкент полициясын тексереді

Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанның Бас прокуратурасы Шымкентте полиция тарапынан заңсыз әрекеттер болғанын мәлімдеген Sin Yuan Steel ЖШС-нің шағымына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Инвесторлардың уәждерін тексеру үшін Шымкент қаласының инвестициялық прокурорлары соталды тергеп-тексеру тіркеді. Бас прокуратура өзге мәліметтерді жарияламады.

Мән-жайы

Оқиғаның резонанс тудыруына Шымкенттегі Sin Yuan Steel металлургиялық зауыты төңірегіндегі дау себеп болды.

БАҚ мәліметінше, кәсіпорын өкілдері ҰҚҚК қызметкерлері адамдарды заңсыз ұстап отыр деген анонимді хабарламадан кейін зауыт аумағына кіргенін айтқан.

Полиция хабарламаның 102 нөміріне түскенін мәлімдеді. Алайда құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, тексерістен кейін зорлық-зомбылық немесе мәжбүрлі еңбек фактілері расталмаған.

Сонымен бірге полиция нұсқасы бойынша, ҚХР азаматтарының бір бөлігінде Қазақстанда заңды болуын және еңбек етуін растайтын құжаттар болмаған.

Ал кәсіпорын құрылтайшылары күштік құрылымдардың әрекеті зауыт жұмысына зиян келтірді деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, ондаған адам анонимді хабарлама негізінде ұсталған, ал жауап алу кезінде оларға аудармашы мен адвокат берілмеген.

Енді бұл уәждерді прокуратура соталды тергеп-тексеру аясында тексеруге тиіс.

Айта кетейік, Sin Yuan Steel — Қазақстандағы арматура прокатын өндіруші кәсіпорындардың бірі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2023 жылғы есебіне сәйкес, зауыттың жобалық қуаты 250 мың тонна, алайда жүктемесі 10% деңгейінде болған.

Кәсіпорын төңірегіндегі дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2022 жылы Sin Yuan Steel-дің қытайлық инвесторлары зауытты рейдерлік жолмен тартып алу әрекеті болғанын айтып, Қазақстан Президентіне ашық түрде жүгінген еді.

Ол кезде инвесторлар бір топ адам күзетті ауыстырып, кәсіпорын аумағына кіруге тыйым салғанын және зауыт өнімін алып кеткенін мәлімдеген.

2023 жылы қытайлық және қазақстандық инвесторлар арасындағы дау сотта қаралды. БАҚ-та Шымкент қалалық сотының апелляциялық сатысы металл өңдеу кәсіпорнына қатысты істі қараған: қытайлық серіктестер өздерінің қатысуымен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шешімге шағым түсірген.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 10:50