Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сыбайлас боласыз": Прокуратура бекіре тұқымдас балық сатып алғандар жауапқа тартылатынын ескертті

Фото: freepik.com

Атырау облысының прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты заңсыз сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көбіне сирек кездесетін балық түрлерін заңсыз аулауға дәл тұтынушылық сұраныс түрткі болады. Атырау облысының прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті.

"Экологияны қорғау және Жайық-Каспий бассейнінің биоалуантүрлілігін сақтау Атырау облысы прокуратурасының қадағалау қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерінің, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен олардың өнімдерінің заңсыз айналымы ерекше алаңдаушылық туғызады. Жүргізілген талдау көрсеткендей, заңсыз аулау көбіне браконьерлік өнімдерді сатып алатын азаматтардың тұтынушылық сұранысымен ынталандырылады”, – делінген хабарламада.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың қылмыстық қудалау органдары экология саласында 30 құқықбұзушылықты тіркеді. 2025 жылы сотқа айыптау актісімен 11 қылмыстық іс жолданып, олардың нәтижесінде 10 адам сотталды.

Прокуратура атап өткендей, Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, тек “заңсыз аулаумен айналысатындар” (Браконьерлер) ғана емес, сонымен қатар сирек жануарларды және олардың бөліктерін заңсыз сатып алатын, сақтайтын, өткізетін немесе тасымалдайтын тұлғалар да (сатып алушылар мен делдалдар) қылмыстық жауапқа тартылады.

Биыл сот Атырау қаласының тұрғынын қылмыстық жауапкершілікке тартты. Оның автокөлігін тінту барысында 501,9 келі бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленген. Сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ 304 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен мемлекеттік бажды өтеуге міндеттеді.

Атырау облысының прокуратурасы ескертеді. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Тиісті рұқсат құжаттарынсыз жеке тұлғалардан күмәнді шыққан балық пен уылдырықты сатып алу арқылы сіз қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайлас боласыз.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан 100-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды. Мамандардың айтуынша, олардың денесін жағаға батыстан соққан қатты жел шығарып тастаған. Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр, арнайы жұмыс тобы құрылған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 12:10