Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий жағалауынан табылған өлі итбалықтар саны күрт артты

итбалықФото: fishcommitteekz
Каспий теңізі жағалауынан табылған өлі итбалықтар саны 97-ден 191-ге дейін өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті хабарлады.

“2026 жылы 17 сәуір сағат 17:00-дегі жағдай бойынша Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауынан (2–4 саты) 191 өлі итбалықтың денесі табылды”, – делінген хабарламада.

Аталған дерек аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан тіркелген. 

Каспий итбалығын зерттеумен айналысатын ғылыми ұйым – Гидробиология және экология институты оқиға орнында өлекселерді ашып тексеріп, мүмкін болғандарынан сынама алған. Сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті су мен топырақтан сынама жинады.

Ал Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары инфекциялық ауруларды анықтау үшін қажетті патологиялық материалдарды ала алмаған. итбалықтығ денесі қатты ыдырап кеткен. 

Қазір Каспий жағалауын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері балық шаруашылығы инспекциясымен және басқа ұйымдармен бірлесіп, өлекселерді жинап, санитарлық талаптарға сай жойды.

Мамандардың айтуынша, көпжылдық зерттеулерге сүйенсек, итбалықтардың қырылуына иммунитетінің әлсіреуі себеп. Соның салдарынан олар түрлі инфекциялық ауруларға бейім келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий жағалауынан 100-ге жуық итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 18 Сәуір, 2026 10:15