Каспий жағалауынан 100-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағасынан жүзге жуық итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, 17 сәуірде Түпқараған ауданынан өлекселер анықталған. Мамандардың айтуынша, батыстан соққан қатты жел 97 итбалықтың денесін теңізден жағаға шығарып тастаған.
Оқиғаның себебін анықтап, тиісті шараларды қолға алу үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оқиға орнына экологтар, ветеринарлық қызмет мамандары, полиция өкілдері және салалық ғылыми ұйымдардың қызметкерлері барған.
Қазір мамандар сынама алып, зерттеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы тәртіпке сай өлекселерді жою жұмыстары да ұйымдастырылмақ.
Гидробиология және экология институтының мәліметіне сүйенсек, итбалықтар бір айдан астам уақыт бұрын қырылған болуы мүмкін. Бірақ олардың денесі жағаға тек қазір, батыс желінің әсерінен шығып отыр.
Қазір Каспий жағалауына бақылау жалғасып жатыр. Құзырлы мекемелер жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
Еске салайық, 2020 жылғы қарашада Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ал 2024 жылғы қазанда “Каспий итбалығы” атты мемлекеттік табиғи резерваты құрылған.
Бұдан бөлек, билік Қорғаныс министрлігімен бірге итбалықтардың көбею маусымында қыс мезгіліндегі кеме қатынасын шектеу мәселесін де қарастырып жатыр.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен
Оқыңыз