Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстаннан арзан бензин тасып, Қырғызстанда қымбатқа сатады: Шекарада кептеліс мәселесі неге шешілмей тұр

бензин
Фото: Stan.kz

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жанармай тасымалына байланысты кептеліс қайтадан күн тәртібіне шықты. Қазақстаннан арзан бензин сатып алып, Қырғызстанда қымбатқа сататындар шекараны қайта-қайта кесіп өтеді. Ал олардың кесірінен қарапайым жолаушылар сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Екі елдегі АИ-92 бензинінің бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді: бір литріне шаққанда айырмашылық 200 теңгеге жуық. Биыл Қазақстаннан Қырғызстанға жанармайды заңсыз әкетудің 445 әрекеті тіркеліп, 38 мың литрден астам отын тәркіленген. Stan.kz тілшісі шекарадағы жағдайды, жанармай саудасының себептерін және жауапты органдар қабылдап жатқан шараларды зерттеді.

“Жыл сайын қайталанады”

Айгүлдің (аты өзгертілген) сөзінше, әсіресе, жеке көлігімен шекарадан өтетін адамдарға қиын. Кейбір жолаушылар екі сағатқа дейін кезекте тұруға мәжбүр. Әйел мереке күндері туыстарына бару үшін Алматыдан Бішкекке жолға шыққан. Алайда Қырғызстанға бара жатқанда да, кері қайтқанда да Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы кептеліске тап болған. Оның айтуынша, бұған қазақстандық арзан жанармайды көрші елге тасымалдайтын көліктер себеп болған.

"2026 жылғы 24-26 қазан аралығында шекарадағы өткізу бекеттерінде жанармайды заңсыз тасымалдауға байланысты көлік кептелісі туындағаны туындады. Біз шекарадан өз шаруамызбен өтеміз. Бірақ бензин тасып жүргендердің кесірінен сағаттап кезекте тұруға тура келеді. Кейде екі сағатқа дейін күтеміз. Әсіресе, жеке көлігімен кіріп-шығатын қарапайым адамдарға қиын. Өйткені бензин таситындар шекараны қайта-қайта кесіп өтеді. Олардың мақсаты – Қазақстаннан арзан жанармай сатып алып, Қырғызстанда қымбатқа сату", – дейді Айгүл.

Айгүл осы жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады. Қырғызстанның Тоқмақ қаласы мен Бішкек жақтан келетіндер көп дейді ол.

"Олар бензин алып, қайта өтіп жүреді. Ал шекарадан заңды шаруасымен өтетін адамдар солардың кесірінен ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Неге осы мәселені реттемейді? Қарапайым халықтың уақытын кім ойлайды?" – дейді редакцияға хабарласқан тұрғын.

Тұрғынның пікірінше, мұндай жағдайға жауапты органдар назар аударып, мәселені жүйелі түрде шешуі керек.

"Бензинді арзан алып, Қырғызстанда қымбатқа сататындардың өз пайдасы бар шығар. Бірақ олардың әрекетінен қарапайым азаматтар зардап шекпеуі керек қой. Шекарадан өту үшін сағаттап күтуге мәжбүрміз. Егер бұл жыл сайын қайталанатын мәселе болса, жауапты органдар неге нақты шешім қабылдамайды?", – дейді қазақстандық Айгүл.

Тұрғын шекарадағы кептелісті фотоға түсіріп үлгермегенін айтады. Алайда оның сөзінше, шекара бекетіне сәл жетпей-ақ жанармай тасымалдаушылардың көліктерін жиі байқауға болады. Бұрын олар бензинді көбіне Volkswagen Passat секілді жеңіл көліктермен тасымалдаса, қазір Land Cruiser сияқты ірі жол талғамайтын көліктерге көшкен. Оқырман редакцияға осы көліктердің фотосын да жолдады.

"Неге қымбатқа аламыз, егер көршіде арзан болса?"

Бұдан бөлек, таяуда осы тақырыпқа қатысты тағы бір ақпарат көзінде жанармайды Қырғызстанға тасымалдайтын азаматтардың бірі пікір білдірген. Ол Қазақстаннан салыстырмалы түрде арзан бензин сатып алып, оны көрші елге жеткізудің еш әбестігі жоқ екенін айтқан.

жанармай тасылмаушы ер адам
Фото: Видеодан скрин

Қырғызстандық жанармай тасымалдаушылардың бірі осындай іспен күн көріп отырғанын айтады. 

"Жанармайды қымбатқа сатып алудың қажеті қанша, егер оны көрші Қазақстаннан арзанға алуға мүмкіндік болса? Біз де осы арқылы нәпақамызды тауып отырмыз. Өзіміздің тұрақты жеткізушілеріміз бар. Көбіне шекара маңындағы ауылдардың тұрғындарынан аламыз. Біреулер таксимен жасаса, енді біреулер жеке көлігімен тасиды. Жанармайды арзан алып, Қырғызстанда сатамыз. Арасындағы айырмашылықтан табыс табамыз. Мұны қылмыс деп есептемеймін. Қазақстан жанармайын көліктің багымен алып өтуге тыйым жоқ қой", – дейді ол.

Ал кейбір жүк көліктері бір рейсте бірнеше жүз литр бензин тасымалдай алады. Тасымалдаушылар үшін мұндай саудадан түсетін табыс жергілікті өлшеммен алғанда аз ақша емес дейді ер адам.

"Оның айтуынша, 100 литрден астам бензинді бір сағаттың ішінде сатып, 30-40 доллар (шамамен 13,5-18 мың теңге) пайда табуға болады. Бұл жергілікті өлшеммен алғанда жақсы табыс", – дейді ол.

"Бағаның айырмашылығы 200 теңгеге жуық"

Біз де екі елдегі жанармай бағасын салыстырып көрдік. Қараша айындағы фотода көрсетілген бағалар мен 1 сомды 5,18 теңгеге шаққандағы бағамды негізге алсақ, Қазақстан мен Қырғызстандағы АИ-92 бензинінің бір литрінің құны арасында 168-202 теңге айырмашылық бар. Яғни Қырғызстанда бензин Қазақстанға қарағанда шамамен 1,6-1,8 есе қымбат.

Қараша айындағы фотоматериалдарда Қазақстандағы "Tulpar" жанармай құю бекетінде АИ-92 бензинінің бір литрі 261 теңгеден сатылып жатқаны көрінеді. Ал Қырғызстандағы "Partner Neft" және "Bishkek Petroleum" бекеттерінде осы маркалы жанармайдың бағасы 82,90-89,40 сом аралығында.

1 сомды 5,18 теңгеге шаққанда, Қырғызстандағы АИ-92 бензинінің бағасы теңгемен есептегенде былай шығады:

  • 82,90 сом – 429,42 теңге;
  • 84,40 сом – 437,19 теңге;
  • 87,90 сом – 455,32 теңге;
  • 89,40 сом – 463,09 теңге.
жанармай
Фото: 24.kg

Бағадағы мұндай алшақтық Қазақстаннан Қырғызстанға арзан жанармай тасымалдаудың неге тиімді екенін де түсіндіреді. Мәселен, бір литр жанармайдан түсетін ықтимал баға айырмасы 168-202 теңге болса, үлкен көлемде тасымалдайтындар үшін мұндай сауданың табысы да қомақты болуы мүмкін.

Қазақстандағы жанармай бағасының өзіне де назар аударған жөн. Суреттегі мәлімет бойынша, қазанның 1-і күні АИ-92 бензинінің бағасы 253 теңге болса, қарашаның 1-інде 261 теңгеге жеткен. Яғни бір айда 8 теңгеге қымбаттаған.

Қазақстандағы жанармай бағасы
Фото: Видеодан скрин / Қазақстандағы жанармай бағасы

Дегенмен бұл есепте жанармайды сатып алу, тасымалдау және өзге де шығындар ескерілмеген. Сондай-ақ көрсеткіштер бірнеше жанармай құю бекетінің фотосына негізделген, сондықтан оларды екі елдегі орташа нарықтық баға деп қабылдауға болмайды. Соған қарамастан, фотодағы бағалардың өзі екі ел арасындағы айтарлықтай айырмашылықты көрсетеді.

Қазақстанда салыстырмалы түрде арзан бензиннің Қырғызстан нарығында қымбат сатылуы жанармайды қайта сатуға экономикалық ынта қалыптастырады.

"Қазақстаннан жанармайды тәулігіне бір рет қана әкетуге рұқсат"

Осыған байланысты энергетика министрлігі Stan.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында жанармайды шекара арқылы тасымалдауға қатысты қолданыстағы шектеулерді түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен, оның ішінде ЕАЭО елдеріне әкетуге тыйым салынған. Алайда көлік құралының зауытта орнатылған штаттық отын багындағы жанармайды тәулігіне бір реттен жиі емес алып өтуге рұқсат бар.

Министрлік мұндай талап шекараны бір күнде бірнеше рет кесіп өтіп, жанармай тасымалдауға және оны қосымша ыдыстармен алып шығуға жол бермейтінін атап өтті.

"Қолданыстағы реттеу отын әкету мақсатында шекараны тәулік ішінде бірнеше рет кесіп өтуге де, оны қосымша ыдыстармен тасымалдауға да жол бермейді. Бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген. Осылайша, комитет жұмысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, Ішкі істер министрлігімен және Көлік министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады", – делінген энергетика министрлігі жауабында.

Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдайға да тоқталды. Ведомство күн сайын мұнай өнімдерінің өндірісі, жеткізілуі мен қорына мониторинг жүргізетінін, ал өңірлердің қажеттілігіне қарай ай сайын отын жеткізу жоспарын бекітетінін мәлімдеді.

"Мониторинг нәтижелері бойынша ішкі нарық, оның ішінде шекара маңындағы өңірлер отынмен толық көлемде қамтамасыз етілген. Мұнай өнімдерінің қорлары жеткілікті деңгейде сақталуда. АИ-92 маркалы бензиннің және отынның өзге де түрлерінің тапшылығы байқалмайды", – делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ министрлік көршілес мемлекеттермен арадағы жанармай бағасының айырмашылығын азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 30 қаңтардан бастап автобензин мен дизель отынының көтерме және бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталған.

канистра
Фото: Видеодан скрин

"Бір жылда 60 мың литрден астам жанармайды қосымша бактармен алып өтпек болған"

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Қазақстаннан Қырғызстанға 74 667 литр бензин мен дизель отынын заңсыз әкетуге әрекет жасалған. Соның ішінде 277 жағдайда құқық бұзушылар жауапқа тартылып, 38 450 литр жанармай тәркіленген. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 21,5 миллион теңгеден асқан.

"2026 жылдың басынан бастап Шекара қызметі департаментке жалпы көлемі 74 667 литр ЖЖМ (бензин және дизель отыны) әкету әрекетінің 445 фактісін жолдады. Оның ішінде 47 079 литр бензинге қатысты 340 факт, 27 588 литр дизель отынына қатысты 105 факт тіркелді", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитет дерегінше, биылғы он айда заңсыз тасымалдаудың 445 әрекеті анықталған. Оның ішінде 222 жағдайда көліктерге рұқсатсыз қосымша отын бактары орнатылып, сол арқылы 59 016 литр бензин мен дизель отынын алып өтуге әрекет жасалған. Тағы 21 деректе газ жабдығы бар көліктермен 1 909 литр бензин тасымалдау көзделген. Ал канистр, баклашка және AdBlue сұйықтығына арналған ыдыстарды қоса алғанда, өзге сыйымдылықтар арқылы 13 742 литр жанармай әкетудің 202 әрекеті тіркелген.

"2026 жылғы 24-26 қазан аралығында Қырғыз Республикасымен шектесетін Жамбыл облысының автомобиль өткізу пункттерінде жүргізілген бірлескен тексерулер кезінде жалпы көлемі 825 литр бензинді әкетудің тоғыз фактісі анықталды", – делінген жауапта.

"277 адам жауапқа тартылып, 21,5 миллион теңге айыппұл салынған"

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, тіркелген 445 деректің 277-сі бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл істерде 38 450 литр жанармай тәркіленген. Тағы 71 жағдайда сараптама қорытындысы бойынша құқық бұзушылық анықталмаған, ал 97 материал сот қарауында жатыр.

"Құқық бұзушыларға салынған айыппұл сомасы 21 547 150 теңгені құрайды. Жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеттерінің барлық фактісі бойынша материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-1-бабының 5 және 6-бөліктері бойынша сотқа жолданды", – деп хабарлады комитет.

Сонымен бірге Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстаннан Қырғызстанға жанармайды заңсыз тасымалдаудан пайда көретін ұйымдасқан схемалар немесе тұрақты топтар туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.

Жанармайды Қазақстан Республикасы аумағынан Қырғыз Республикасы аумағына заңсыз тасымалдаудан пайда көретін ұйымдасқан схемалар немесе тұрақты топтар туралы Департаментте ақпарат жоқ", – делінген ресми жауапта.

Комитет Жамбыл облысындағы өткізу пункттерінде көлік кептелісін азайту үшін кезекші ауысымдар күшейтілгенін хабарлады. Сондай-ақ көлік ағыны реттеліп, мобильді және габаритті емес көліктер облыстың басқа өткізу пункттеріне бағытталады. Бос көліктер "Аухатты" өткізу пункті арқылы қайта жіберіледі.

Заңсыз жанармай тасымалдау әрекеттерінің тәуліктік жиілігін Шекара қызметінің "Бүркіт" ақпараттық жүйесі арқылы бақылайды.

"Қырғызстанның отынға тәуелділігі Қазақстанға да әсер етеді"

Ал қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қырғызстан азаматтарының арзан қазақстандық жанармайды сатып алып, көрші елде қымбатқа сату арқылы табыс тауып отырғанын жасырмады. Оның сөзінше, екі ел арасындағы баға айырмашылығы мұндай сауданы тиімді етіп отыр. 

"Қырғызстанда жанармай бағасы едәуір қымбат. Сондықтан Қазақстандағы салыстырмалы түрде арзан бензинді көрші елге тасымалдап, қайта сататындар бар. Олар екі ел арасындағы баға айырмашылығынан пайда көреді. Меніңше, бұл тек қазақстандық немесе қырғызстандық кәсіпкерлер ғана емес, трансшекаралық деңгейде әрекет ететін тұтас топтар болуы мүмкін. Олар арзан жанармайды алып, Қырғызстанда қымбатқа сатады да, арасындағы айырманы өз қалтасына басады", – дейді политолог.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қырғызстанның энергетикалық қауіпсіздігі Қазақстанмен салыстырғанда әлсіздеу. 

"Қырғызстанның өз мұнай-газ ресурстары жоқ. Шағын мұнай өңдеу зауыттарында белгілі бір көлемде мұнай өңделгенімен, отынның басым бөлігі басқа елдерден импортталады. Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Бізде мұнай қоры, оны өндіретін отандық компаниялар және үш ірі мұнай өңдеу зауыты бар. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздігімізді өз ресурстарымыз қамтамасыз етеді. Ресейде қандай да бір дағдарыс туындаса, оның салдары ең алдымен импортқа тәуелді Қырғызстанға әсер етеді", – деп түсіндірді Ғазиз Әбішев.
Ғазиз Әбішев
Фото: Ғазиз Әбішевтің жеке архивінен

Ғазиз Әбішев Қазақстан мен Қырғызстандағы жанармай бағасының айырмашылығы көлеңкелі нарықтың қалыптасуына жол ашатынын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда арзан отын сатып алып, оны көрші елде қымбатқа сату арқылы жақсы табыс табуға болады. Сондықтан мұндай әрекеттерге баратындардың тәуекелге баруына экономикалық себеп бар.

"Көршілес елдерде жанармай бағасы өскен кезде Қазақстандағы салыстырмалы түрде арзан бензин сыртқа кетіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда арзан жерден сатып алып, қымбат нарықта сату тиімді болады. Тәуекелдің өзі табыс табуға тұрарлық болғандықтан, көлеңкелі нарық та қалыптасады. Осындай жағдай кез келген елде болуы мүмкін", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар политолог Қазақстан Қырғызстанды қиын жағдайда қолдауы керек деп есептейді. Оның пікірінше, екі халықтың тарихи әрі экономикалық байланысы тығыз. Қазақстан үшін көрші елге жанармай жеткізу мүмкіндігі бар, ал Қырғызстан да өз кезегінде Қазақстан үшін маңызды ресурстардың бірі – су мәселесінде маңызды рөл атқарады.

"Әуелі, өз нарығымызды ойлауымыз керек"

Дегенмен сарапшы Қазақстан Қырғызстанға көмектескенімен, өз ішкі нарығының тұрақтылығын да назардан тыс қалдырмауы керек екенін атап өтті.

"Егер мәселе Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдайдың күрт нашарлауына қатысты болса, онда алдымен өз мүддемізді ойлауымыз керек. Ал Қырғызстан шынымен күрделі жағдайға тап болса, оған көмектесу мүмкіндігін де қарастырған жөн. Кез келген сыртқы саясаттың басты қағидаты – көршілермен тату болу. Жақсы қарым-қатынасты сақтау үшін барынша икемділік таныту қажет. Әсіресе, бауырлас Қырғызстанмен қарым-қатынаста осы ұстанымды сақтау маңызды", – деп түйіндеді политолог.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынаста тепе-теңдік сақтап, көршілік достықты да, ұлттық мүддені де қатар ескерген жөн.

Stan.kz
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 09:00