Сәбилі болған отбасының несиесі уақытша тоқтатылсын – Мұрат Әбенов
Халық кеңесінің өкілі Мұрат Әбенов сәбилі болған отбасының несиесін уақытша тоқтатуды ұсынды. Ол соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне жас отбасылардың қаржылық қиындығы кері әсер етті деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұрат Әбеновтің сөзінше, берешегі көп азаматтар сәбилі болудан қорқады. Көпшілік балалы болған отбасылардың несиесін уақытша тоқтату бастамасын қолдаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстанда бала туу көрсеткіші біраз төмендеген. Мысалы 2021 жылы елімізде 446 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға азайған, ал биыл 9 айда 227 мың сәби өмірге келген.
Ал Қазақстан халық кеңесінің өкілі Мұрат Әбенов бұл дабыл қағарлық жағдай дейді. Айтуынша, жұмыс пен баспананың жоқтығы және несиелік жүктеменің артуынан ерлі-зайыптылар сәбилі болуды ойламайды.
“Отбасыларды "қарыздық контрацепция" құрсауынан шығарып, туу көрсеткішінің төмендеуін тоқтату үшін мемлекет батыл қадамдарға баруы керек. Ең өзекті мәселе – микроқаржы ұйымдарының шектен тыс әрекеттерін қатаң шектеу, жеке сот орындаушыларының азаматтардың шоттарын жаппай бұғаттауына тосқауыл қою және бала дүниеге келген кезде пайызсыз автоматты несие демалысын енгізу”, – дейді Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
Қарапайым тұрғындар да сәбилі болған отбасылардың несие төлеуін уақытша тоқтату үлкен жеңілдік болады деп есептейді.
“Баланың жәрдемақысы баланың өзіне кетеді. Ал егер тоқтата тұрса тіпті жақсы. Жұмысқа түскеннен кейін төлей береді ғой. Қарызын қайтарады ғой”, “Дұрыс қой тоқтатқаны. Жұмысқа шыға алмайды. Оны қарау керек 1,5 жасқа дейін. Бұл ұсынысты мақұлдаймын өзім”, “Қолдаймын. Бала туған азаматтарға қанша дегенмен көмегі болады ғой”, – дейді көпшілік.

Ал сарапшылар халықтың банк алдындағы берешегінің артуы бала туу көрсеткішіне әсер ететінін растады. Бірақ несиені уақытша тоқтатқаннан гөрі, азаматтардың неліктен көп қарыз алатынына ден қою керек деп санайды.
“Уақытша тоқтату мәселені шешпейді. Себебі мысалы бір жылға тоқтатса, ол келер жылы төлейтін сомасы көбейіп кетеді. Сондықтан жастарда тұрақты жұмыс орны болмаған соң ертең олар тіпті үйленуден де бас тартады, бала туудан бас тартады. Себебі өз басын қалай асырайтынын білмейді”, – дейді экономист Меруерт Махмұдова.
Экономистің айтуынша, мұндай бастаманы қаржы ұйымдары да қолдамайды. Сондықтан демографиялық өсімге тұрақты жұмыс пен жоғары жалақының маңызы зор дейді.
Бұған дейін банк алдындағы қарызды төлей алмай қалған жағдайда не істеу керегі туралы жазған едік. Клиент банкпен жаңа төлем тәртібін келіседі. Мысалы, несие мерзімін ұзарту арқылы ай сайынғы төлемді азайту немесе төлемді белгілі бір уақытқа кейінге қалдыруға болады.
"Мәйіттің арқасы көгерген": ҚазҰУ-да жатақханадан өлі табылған студенттің анасы қызының өліміне қатысты күмәнін айтты