Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сапарға шықпаңыздар": Ауа райына байланысты 10 өңірдің жүргізушілеріне ескерту жасалды

Қар басқан жол
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның 10 өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге жолға шықпауға кеңес берілді. Синоптиктер түнгі және таңғы уақытта қар, жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай мен Ұлытау облыстарында жауын-шашын болады деп болжанған.

Осыған байланысты жол қызметі жүргізушілерді барынша сақ болуға, жылдамдық режимі мен көлік арасындағы қашықтықты сақтауға шақырды.

Сондай-ақ жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлап, аса қажеттілік болмаса, сапарға шықпаған жөн екені ескертілді.

“Дөңгелектердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлген жөн. Егер көлікте әлі жазғы шина тұрған болса, көктайғақта басқару қиындап, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі едәуір артады”, – делінген хабарламада.

"ҚазАвтоЖол" өкілдері жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан алуға болатыны атап өтілді.

Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер еліміз бойынша қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялаған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 22:16