"Қар жауып, -18°С аяз болады": Синоптиктер еліміз бойынша қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялады
"Қазгидромет" қараша айына арналған еліміз бойынша ауа райы болжамын жариялады. Келер айда елдің басым бөлігінде күн әдеттегіден жылы болғанымен, айдың екінші жартысында елдің солтүстігі, шығысы мен орталығында түнгі аяз -18 градусқа дейін жетпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Консультативтік болжамға сәйкес, қарашада елдің басым бөлігінде ауа температурасы әдеттегіден 1-2 градус жылы болады. Ал елдің солтүстік-батысында ауа райы климаттық нормаға сай күтіледі.
"Қараша бойы Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын түсіп, кей күндері қатты жауын-шашын болжануда. Жел күшейіп, қарлы боран соғуы, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Синоптиктердің болжамынша, қарашаның алғашқы аптасында күн салыстырмалы түрде жылы, көбіне бұлтсыз болады. Жауын-шашын күтілмейді. Тек айдың басында елдің солтүстік-шығысы мен шығысында жаңбыр және қар аралас жаңбыр жауады. Түнде тұман түсуі мүмкін.
"Алғашқы онкүндіктің ортасында Қара теңіз жақтан келетін белсенді циклонның әсерінен елдің батыс өңірлерінде жаңбыр жауып, кейін қарға ұласуы мүмкін. Онкүндіктің соңына қарай республиканың қалған аймақтарында жауын-шашынды, желді ауа райы күтіледі. Қазақстанның оңтүстік бөлігінде негізінен жаңбыр жауады. Құбылмалы ауа райы тұман, көктайғақ және секундына 15-28 метрге дейін жететін екпінді желмен қатар жүреді", – делінген хабарламада.
Аяз -18 градусқа дейін күшейеді
Қарашаның басында ауа температурасы мынадай болады:
- Елдің батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күндіз +12...+22 °С;
- Солтүстікте, солтүстік-батыста (Қостанай облысында), орталық және шығыс өңірлерде түнде -1...-8 °С-тан 0...+5 °С-қа дейін, күндіз +5...+13°С,.
Ал алғашқы онкүндіктің соңында күн суытады. Күндізгі ауа температурасы:

- елдің солтүстік бөлігінде 0...+5°С-қа дейін;
- оңтүстік бөлігінде +8...+13°С-қа дейін;
- батыста +2...+10°С-қа дейін төмендейді.
Қазақстанның таулы аймақтарында түнгі температура -3...+2°С-тан -5...-10°С-қа дейін құбылады. Күндіз +2...+10°С болады.
Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде де ауа температурасы жиі құбылады. Синоптиктердің болжамы бойынша:
Елдің солтүстік бөлігінде түнде ауа температурасы -1...-13°С-тан -3...+5°С-қа дейін, күндіз +1...+10°С-тан 0...-5°С-қа дейін өзгереді;
Оңтүстік өңірлерде түнде 0...-5°С-тан +2...+10°С-қа дейін, күндіз 0...+5°С-тан +7...+15°С-қа дейін құбылады.
Сонымен қатар кей күндері елдің солтүстігінде, шығысы мен орталығында түнгі ауа температурасы -10...-18°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер Қазақстанда алдағы қыс қандай болатынын болжаған еді.