Қазақстанда алдағы қыс қандай болады: Синоптиктер ауа райы болжамын жариялады
"Қазгидромет" РМК Қазақстанда 2026 жылғы қарашадан 2027 жылғы наурызға дейінгі жартыжылдыққа арналған алдын ала маусымдық ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
“Қазгидромет” қараша айы жылы болады деп болжады. Ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болуы ықтимал. Сонымен қатар елдің басым бөлігінде жауын-шашын болады. Жаңбыр солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында көбірек түсуі мүмкін. Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, қар және жылбысқы қар жауады. Солтүстік пен шығыста айдың басынан басқа кезеңдерде негізінен қар жауады деп болжанып отыр. Кей өңірде көктайғақ, тұман және жел соғуы мүмкін, ал Қазақстанның солтүстік бөлігінде боран болуы мүмкін.
Қарашаның басында елдің басым бөлігінде ауа температурасы көтеріледі. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде 0...+5 градус, күндіз +5...+16 градус болады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде +5...+15 градус, күндіз +15...+25 градусқа дейін жылынады.

Ал батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде керісінше, ауа температурасы төмендейді. Түнде 0...-7 градус, күндіз 0...+5 градус болуы мүмкін. Айдың екінші және үшінші онкүндігінде температура құбылып, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде кей күндері түнде -10...-18 градусқа дейін аяз болады.
Қыс қалай болады?
“Қазгидрометтің” мәліметінше, биылғы қыс жылы және жауын-шашын да орташа болады. Алайда солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерінің кей жерлерінде жауын-шашын климаттық нормадан көп түсуі мүмкін. “Қазгидромет” қыс бойы температураның жиі өзгеруі, яғни бірде жылып, бірде суытуы ықтимал екенін айтты. Мұндай құбылыс қар жамылғысында мұз қабатының пайда болуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар боран, екпінді жел, көктайғақ пен тұман күтіледі. Сондай-ақ қыс айларында ауа райы қалай болатынын мәлімдеді.
Желтоқсанда ауа температурасы республиканың барлық өңірінде климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын нормадан көп түседі деп болжанған.
Қаңтарда елдің басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Ал батыс және солтүстік-батыс өңірлерде температура климаттық норма шамасында күтіледі. Жауын-шашынның басым бөлігінде қалыпты мөлшерде түсуі болжанғанымен, кейбір батыс өңірлерде нормадан көп, ал оңтүстік аймақтардың бірқатарында аз болуы мүмкін.
Ақпанда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–3 градусқа жоғары болады. Солтүстік пен шығыстың кейбір өңірлерінде температура норма шамасында сақталады. Жауын-шашын ел аумағының басым бөлігінде нормадан көп түсуі мүмкін.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда қараша айы әдеттегіден жылы болады. “Қазгидромет” мамандарының болжамына сүйенсек, күздің соңғы айында ауа температурасы ел аумағында қалыпты көрсеткіштен шамамен 2 градусқа жоғары болмақ. Алматыда күн 23 градусқа дейін жылынса, Астанада қар жауып, боран соғуы мүмкін.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды