Қазақстанда қараша айы әдеттегіден жылы болады: Синоптиктер болжамы жарияланды
Биыл Қазақстанда қараша айы әдеттегіден жылы болады. “Қазгидромет” мамандарының болжамына сүйенсек, күздің соңғы айында ауа температурасы ел аумағында қалыпты көрсеткіштен шамамен 2 градусқа жоғары болмақ. Алматыда күн 23 градусқа дейін жылынса, Астанада қар жауып, боран соғуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, қарашада республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері әдеттегі деңгейде сақталады. Алайда солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы бірқатар өңірде жаңбыр мен қар көбірек жаууы мүмкін.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік бөлігінде, Ақтөбе облысының қиыр солтүстігінде де жаңбыр мен қар жиі жаууы ықтимал.
Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында, сондай-ақ Абай облысының солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында да жауын-шашын әдеттегіден мол болады деген болжам бар.
Елдің басым бөлігінде қарашаның орташа ауа температурасы 0 мен -5 градус аралығында болады. Ал оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде +1 мен +9 градус аралығында сақталады. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда орташа температура 0 мен -5 градус шамасында болады.
Алматыда күн 23 градусқа дейін жылынады
Синоптиктердің болжамы бойынша, Алматыда қарашаның орташа температурасы +5,4 градус болады. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 2,5 градусқа жоғары. Қалада жауын-шашын да жылдағыдан көбірек түсуі мүмкін.
Айдың басында күндіз ауа температурасы +23 градусқа дейін көтеріледі. Ал қарашаның ортасында күн суытып, температура -3 пен +2 градус аралығында болады. Ай соңына қарай қайта жылып, күндіз +10...+15 градусқа жетуі ықтимал.
Сондай-ақ қалада жаңбыр, қар, тұман және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін.
Астанада қар жауып, боран соғады
Елордада қарашаның орташа температурасы -3,6 градус болады деп болжанып отыр. Әдетте бұл көрсеткіш -5,2 градус шамасында. Жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде, яғни 29 миллиметр шамасында болады.
Айдың алғашқы күндері ауа температурасы күндіз 0 мен +5 градус аралығында болса, алғашқы онкүндіктің соңына қарай +8 градусқа дейін жылынады.
Алайда қарашаның соңында күндіз -8 градусқа дейін суытып, түнде аяз -15 градусқа жетуі мүмкін.
Елордада қар жауып, боран соғуы ықтимал. Сондай-ақ тұман түсіп, көктайғақ болады. Кей күндері желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Шымкентте күн 22 градусқа дейін жылынады
Шымкентте қараша айының орташа температурасы +8,7 градус болады. Бұл қалыпты көрсеткіштен 2,6 градусқа жоғары.
Ай басында күндіз ауа температурасы +22 градусқа дейін жетуі мүмкін. Қарашаның ортасында күн суытқанымен, кейінгі онкүндікте қайта жылып, температура +20 градусқа дейін көтеріледі.
Қалада жаңбыр, қар аралас жаңбыр, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Желдің екпіні кей уақытта секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін. Жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде, шамамен 74 миллиметр болады.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады
