Қазақстанда қазан мен қарашада ауа райы қандай болады – Министр жауап берді
Қазақстанда биыл қазан мен қараша айлары әдеттегіден жылы болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, биыл бірқатар астықты өңірде егіннің өсіп-жетілуіне ауа райы қолайсыз болған. Елдің солтүстігінен басқа аумақтардың басым бөлігінде әртүрлі деңгейдегі қуаңшылық байқалған. Ең ұзақ қуаң кезеңдер оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыста тіркелген.
Қазанда Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және Абай облысында температура климаттық норма шамасында болады. Жауын-шашын батыс пен солтүстік-батыстың кей аумақтарында нормадан көп, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың жазық бөлігінде, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының оңтүстігінде аз түсуі мүмкін.
"Қазан айында республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіледі. Ел аумағының көп бөлігінде жауын-шашын қалыпты деңгейде түседі. Ұзақмерзімді болжам бойынша қараша айы да жылы болады. Бұл айда да республиканың басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градус жоғары болуы ықтимал. Қарашада жауын-шашын негізінен норма шегінде болады", – деді Әлібек Қуантыров.
Ал қарашада Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын нормадан көп болуы мүмкін.

"Қазгидромет" ауа райының нақтыланған апталық болжамдарын әр дүйсенбі және сәрсенбі сайын Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет аппаратына жолдап отырады.
Таразда жүкті әйелді жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен: Ол тергеу жүргізілмегеніне шағымданды