Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстамбұлда нөсер салдарынан екі адам қаза тауып, 2 518 шағым түсті

апат
Фото: haberler.com

Ыстамбұлда таңертең басталып, түнімен жалғасқан жаңбырдың соңы қайғылы жағдайға ұласты. Балат ауданында шалшық судан өтпек болған 14 жастағы бала тоққа түсіп көз жұмды. Ал Сарыер ауданында құлап, басын соғып алған тағы бір адам қайтыс болды. Қалада 1 277 рет су басу оқиғасы тіркеліп, 15 өңірде жер көшкіні болған. Сонымен қатар 47 жағдайда адамдарды қауіпті аймақтардан құтқаруға тура келген. Төтенше жағдайлар қызметіне барлығы 2 518 хабарлама түсті. Қолайсыз ауа райына байланысты Ыстамбұлда мектептердегі сабақ тоқтатылып, мотоциклдердің жолға шығуына тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Haberler.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ыстамбұлда жаңбыр көп жауып, көшелерді су басты. Су жолдарға, тұрғын үйлерге және кәсіпкерлік нысандарға жайылды. Қала тұрғындары төтенше жағдайлар қызметіне мыңдаған хабарлама жолдаған.

 

Балат ауданында 14 жастағы бала тоққа түсіп көз жұмды

Ыстамбұлда Фатих аумағы Балат ауданындағы Чукурбостан саябағында шалшық судан өтпек болған 14 жастағы бала электр тогына түсіп, қайтыс болды. Ыстамбұл губернаторлығының мәліметінше, М.И. есімді жасөспірім шалшық суды басқан кезде тоқ соққан. Ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген баланы дәрігерлер аман алып қала алмады. Оқиғаға байланысты тергеу басталды.

Қалада 2 518 хабарлама тіркелді

Ыстамбұл губернаторлығының мәліметінше, 14 қазанда сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін Апаттар мен төтенше жағдайларды басқару басқармасына (AFAD) және 112 жедел қызметіне барлығы 2 518 хабарлама түскен.

Қала бойынша тіркелген оқиғалар:

  • 1 277 аумақты су басу;
  • 15 жер көшкіні;
  • адамдардың қауіпті жерде қамалып қалуына қатысты 47 жағдай;
  • ағаштардың құлауына байланысты 13 оқиға;
  • шатырлардың жұлынып кетуіне қатысты екі жағдай.

Сонымен қатар 76 автокөлікке, 808 тұрғын үйге және 280 кәсіпкерлік нысанға қатысты хабарламалар тіркелген.

Төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін Ыстамбұлдағы Апаттар және төтенше жағдайларды басқару басқармасында дағдарыс штабы құрылды. Қалада 8 мың маман, 2 мың көлік пен арнайы техника жұмылдырылды.

Бейкөз ауданында бір шаршы метрге 193,84 келі жауын-шашын түсті

Нөсер жауын ең қатты жауған аумақтардың бірі – Бейкөз ауданының Өмерлі елді мекені. Мұнда бір шаршы метрге 193,84 келі жауын-шашын түскен.

Өзге аудандардағы көрсеткіштер мынадай:

  • Арнавуткөйде – 125,9 келі;
  • Сарыер ауданындағы ITU Маслак аумағында – 124,72 келі;
  • Чаталжада – 75,2 келі;
  • Карталда – 14,3 келі;
  • Бакыркөйде – 6,8 келі.

Бұл көрсеткіштер бір шаршы метрге түскен жауын-шашын мөлшерін білдіреді.

Метро станцияларын су басты

Нөсер салдарынан Ыстамбұлдың бірнеше ауданында көлік қозғалысы қиындап, күнделікті тіршілікке кедергі келді. Башакшехир Олимпият және Хаджиосман метро станцияларын, бірқатар жерасты өткелін су басты. Каяшехир метро станциясында суды сорып шығару жұмыстарына байланысты қозғалыс уақытша тоқтатылды.

Эсеньюрт ауданында ағын су алып кеткен әйелді үш тұрғын құтқарған. Ал Нишанташы университетінің Кягытхане қалашығында қауіпті аумақта қамалып қалған адамдарды арнайы техникамен құтқару жұмыстары жүргізілді. Сұлтанғазы ауданындағы Нуреттин Узун бастауыш мектебінің тіреу қабырғасы құлады. Сарыер ауданындағы сауда орталықтарынан адамдар эвакуацияланды.

Солтүстік Мәрмара тасжолының Рива бағытына қарай өтетін бөлігінде жер көшкіні болып, көлік қозғалысы бір жолақпен, бақылау арқылы ұйымдастырылды. Ал Шиле тасжолында жиналған судың салдарынан жол апаты болды.

15 қазанда мектептерде сабақ болмайды

Ыстамбұл губернаторлығы қолайсыз ауа райына байланысты 15 қазанда провинциядағы барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында сабақтар бір күнге тоқтатылғанын хабарлады.

Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар азаматтарға және ардагерлерге бір күндік демалыс берілді. Бұл жеңілдік белгіленген талаптарға сай келетін әйел қызметкерлерге де қатысты. Бұдан бөлек, 14 қазан сағат 21:00-ден бастап арнайы шешім шыққанға дейін мотоциклдер мен басқа да көліктердің жолға шығуына тыйым салынды.

Губернатор тұрғындарды сақ болуға шақырды

Ыстамбұл губернаторы Давут Гүл нөсер жауын түнде бүкіл провинция аумағында жалғасатынын, ал 15 қазанда әсіресе қаланың Анадолы бөлігінде жауын-шашын күшейетінін ескертті. Ол тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын ұстануға шақырды.

“Жауын-шашын кезінде баршаңызды сақ болуға және қажет шараларды қабылдауға шақырамыз. Қажет болмаса, сыртқа шықпаңыздар, жеке көлікпен жолға шығудан аулақ болыңыздар. Жертөле қабаттарында және су басу қаупі бар жерлерде тұрмаңыздар. Шалшық суға, өзен арналарына және су басқан жерасты өткелдеріне жақындамаңыздар. Жер көшкіні қаупі бар аумақтар мен ондағы ғимараттардан алыс жүріңіздер. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласыңыздар. Ресми хабарламаларды қадағалап отырыңыздар”, – деді губернатор.

Зардаптарды жоюға барлық мүмкіндік жұмылдырылды

Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Ыстамбұлдағы су тасқынына қатысты пікір білдірді. Ол мемлекеттік мекемелер мен тиісті қызметтердің оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын айтты.

“Ыстамбұлдағы нөсер мен су тасқынынан зардап шеккен барлық азаматымызға қолдау білдіреміз. Мемлекетіміздің барлық мекемесі мен қызметкерлері оқиға орнында, тұрғындардың жанында. Қауіпті жағдайда қамалып қалған және зардап шеккен азаматтарға көмектесу, олардың жағдайын қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндік жұмылдырылды. Алла елімізді және халқымызды түрлі апаттан сақтасын”, – деді Омер Челик.

Ыстамбұлда нөсер жауын жалғасады

Ыстамбұлда 12 сағат ішінде бір шаршы метрге шамамен 100 келі жауын-шашын түскен. Қала әкімінің міндетін атқарушы Нури Аслан желдің екпіні сағатына 75–80 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Оған қоса тұрғындарды жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалануға шақырды. Қазір арнайы қызметтер су тасқынының салдарын жойып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Теміртауда толассыз жауған жаңбырдан соң көшелерді су басқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 08:42