Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көліктер суға батып, кептеліс болды": Өскеменде толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басты

су
Фото: Видеодан скрин

Өскеменде толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаланың бірқатар көшесін су басты. Қолайсыз ауа райының салдарын тұрғындар әлеуметтік желілерде жариялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған видеолардан кейбір көшелерді су басып, көліктердің қозғалысы қиындағанын көруге болады. Кейбір жеңіл көліктер жартылай суға батып қалған.

Жекелеген аумақтарда су жаяу жүргіншілер жолына дейін жеткен. Соның салдарынан тұрғындар су басқан жерлермен жүруге мәжбүр болды.

Қатты жауыннан кейін қала көшелерінде көлік кептелісі пайда болып, жүргізушілердің қозғалысы қиындаған.

Әзірге су басудың нақты себептері мен коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты ақпарат нақтыланып жатыр.

Ал Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, су жиналу жағдайы қаланың үш жерінде ғана тіркелген. Олар – Михаэлис көшесі, Ушанов алаңы және Қазақстан көшесінің Балалар базары маңы.

“Қолайсыз ауа райының салдарын жою үшін 5 арнайы техника, 8 мотопомпа және 18 қызметкер жұмылдырылды. Бір сағат ішінде жұмыстар толық аяқталып, шамамен 570 текше метр жаңбыр суы сорылды. Қазір аталған учаскелерде көлік қозғалысы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр”, – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жауын салдарынан көшелерді су басып, тіпті LRT станциясының төбесінен су аққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 23:02