Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпір, жолдар мен киіз үйлерді су басты: "Түргенсай" демалыс аймағынан туристер эвакуацияланып жатыр

Түргенсай туристер демалыс
Фото: Видеодан сркин

Құтқарушалыр Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген өзенінің бойында және "Түргенсай" демалыс аймағында демалып жатқан туристерді эвакуациялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нөсер жауын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Түрген-Ассы автожолының 25-шақырымын су басты.

Сондай-ақ Түрген өзенінің 6-9-шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен "Түргенсай" демалыс аймағының аумағын су басты. Бұдан бөлек, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара зақымданған.

Сонымен қатар Үлкен Алматы каналы бойындағы көпір маңында топырақ шайылған.

"Қазір туристік нысандар мен туристік аймақтарда жүрген демалушылар эвакуацияланып жатыр. Жағдай бақылауда, су басудың салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр", – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Оған Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің, полиция мен төтенше жағдайлар қызметтерінің басшылары жетекшілік етті. 

Сондай-ақ қатты жауын-шашынның салдарынан Алматы облысының екі ауданында жолдар мен елді мекен көшелерін су басты. Су тасқынының салдарын Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел түрде жойды.

Ведомствоның мәліметінше, Қарасай ауданының Абай ауылында суды сору, өзен арнасын тазарту және одан әрі су басудың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданында Түрген өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Түрген-Ассы автожолының жекелеген учаскелері мен өзен жағалауындағы аумақтарды су басты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында апатты көпір арқылы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған.

Сондай-ақ "Водник" бау-бақша серіктестігінің аумағынан да су сорылып шығарылды.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, әскери қызметшілер, "Қазселденқорғау" мамандары, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері жұмыс істеді.

ТЖД су
Фото: Видеодан скрин

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ, қазір жағдай толық тұрақтанған.

“1 шілде күні сағат 13:00-ден бастап облыстық маңызы бар КВ-49 "Үлкен Алматы каналы (БАК) бойындағы автомобиль жолы" бағытында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша жабылды. Мұндай шешім нөсер жауыннан кейін көпірдің шайылу қаупіне байланысты қабылданды”, – деп мәлімдеді Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік. Қазақстандықтарға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты президенттік хабарлама келді.

“Наурызбай ауданында су басу қаупі бар. Бөгетте сүзгілену анықталды. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялау қажет”, – делінген хабарламада.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 08:08