Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Наурызбай ауданынының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатыр

Сел
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандықтраға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты президенттік хабарлама келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

“Наурызбай ауданында су басу қаупі бар. Бөгетте сүзгілену анықталды. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялау қажет”, – делінген хабарламада.

сел
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазір Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ашылған уақытша қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрды, азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Сондай-ақ 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды.

Қазірге дейін жедел желіге 4 қоңырау келіп түскен. Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде, жағдай бақылауда.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, таулы аймақтарда болжанып отырған нөсер жауын-шашынға байланысты сел жүруі мүмкін.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің, "Қазселденқорғау" мекемесінің және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, сел қаупі бар учаскелерге үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге толық дайын.

Халықты жедел хабардар ету мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті деңгейде құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл – тұрғындарға маңызды ақпаратты дер кезінде жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы. Сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз.

Қауіпсіздік мақсатында ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы тауларына барудан және демалудан уақытша бас тартуға шақырамыз.

“Егер сіз таулы аймақта болсаңыз және өзендердің жоғарғы ағысында қатты жаңбыр жауып жатса, өзен арналары мен қауіпті учаскелерден дереу алыстаңыз. Өзен арналарының, сел арналарының және бөгеттердің маңына шатыр тігуге болмайды. Есте сақтаңыз: сел өте жылдам дамиды, сондықтан ең тиімді қауіпсіздік шарасы – қауіпті аумақтан алдын ала кету”, – деп ескертті Төтенше жағдайлар министрлігі.

Сондай-ақ ведомство тексерілмеген ақпаратты таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды. 

“Біз тұратын ауданда сел жүру қаупі бар. Әскери қызметкерлер келіп, жағдайды бақылап жүр. Сел қаупі туралы хабарландыру үздіксіз беріліп жатыр. Қысқасы, анам екеуміз қажет заттарымызды жинап, чемоданымызды дайындап қойдық”, “Алматылықтар, қаладағы жаңбырға қарап алданбаңыздар. Тауда, шамасы, нөсер қатты жауып жатыр. Сел жүру қаупі болуы мүмкін. Мұндай жағдай көптен бері болмаған”, – деп жазды жергілікті тұрғындар.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 14:46