Алматыдағы "Алтын Орда" базары аумағында Ақсай өзені арнасынан асып, дүкенді су басты (видео)

Алматы маңында тасқын су салдарынан көпір қирап, көліктер мен дүкендерді су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Алтын Орда" базары ауданында Ақсай өзені арнасынан асып, дүкен мен бірнеше көлікті су басты.
Жағдайға қатысты Алматы облысының әкімдігі түсініктеме берді.
InAlmaty басылымы Threads әлеуметтік желісінде өзеннің арнасынан асып, Ташкент тасжолы бойындағы дүкен мен көліктерді су басқан сәт түсірілген бейнежазбаны жариялады.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 шілде күні сағат 16:10 шамасында нөсер жауын-шашынның салдарынан Ақсай өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, өзен арнасынан шыққан.
"Соның салдарынан Ташкент тасжолы бойында орналасқан дүкен аумағын су басты. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, су деңгейінің көтерілуіне және өзеннің арнасынан шығуына мол жауын-шашынмен қатар су өткізу коллекторының өткізу қабілетінің төмен болуы себеп болған. Сонымен бірге өзен арнасында жиналған қоқыс судың еркін ағуына кедергі келтірген қосымша фактор ретінде әсер етті", – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнында екі трактор мен бір тиегіш техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар өзен арнасын тазалау және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жол өткелі мен автомобиль жолы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қарайды.
"Жағдай жергілікті атқарушы органның бақылауына алынды. Қазіргі уақытта су басу салдарын жою бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігі.
Оған қоса, Каскелең шатқалында бау-бақша серіктестіктерінің біріне апаратын жалғыз автокөлік көпірін су шайып кетті.
Оқиғаға байланысты өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдік түсініктеме берді.
Instagram желісіндегі kaskelenkz парақшасында Каскелең шатқалында тасқын су көпірді қиратып кеткені туралы ақпарат жарияланды. Бейнежазбадан көпірдің екі жерден опырылып түскенін көруге болады.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, таулы аймақта жауған нөсер жаңбыр салдарынан өзендегі су деңгейі күрт көтерілген. Күшті ағыс экобекеттен шамамен 3 шақырым жерде орналасқан "Искра" бау-бақша серіктестігіне баратын жолдағы көпірді зақымдаған.
"Бұл көпір бау-бақша серіктестігінің аумағымен көлік қатынасын қамтамасыз етіп келген. Аталған аумақта 16 тұрғын үй орналасқан, онда шамамен 30 адам тұрады. Сонымен қатар көпір мен оған баратын жол бау-бақша серіктестігінің меншігі болып табылады және жергілікті атқарушы органның теңгерімінде жоқ", – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб құрылған. Құтқару күштері мен техникалары жедел әрекет етуге толық дайындыққа келтірілген. Жағдай төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында.
"Қазіргі ахуал бағаланып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалпына келтіру жұмыстарының алдағы тәртібін анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Азаматтарды сабыр сақтауға, жағдай тұрақталғанға дейін бұл аумаққа барудан бас тартуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – деп мәлімдеді облыстық ТЖД.
Ал Қарасай ауданы Каскелең қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі жазбаға қалдырған пікірінде аталған көпірдің "Искра" бау-бақша серіктестігін негізгі автомобиль жолымен байланыстыратын жалғыз көлік қатынасы болғанын атап өтті.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта серіктестік аумағына апаратын балама жол жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандықтарға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты хабарлама келген еді. Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатқаны хабарланған.
Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрды, азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды.
"Қазгидрометтің" таулы аймақтарда болжанып отырған нөсер жауын-шашынға байланысты сел жүруі мүмкін екенін хабарлаған.
Астанада ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан: Ол ауруханадан бір-ақ шықты