Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан әлемнің басқа елдеріне қарағанда екі есе жылдам жылып келеді: Соңғы 50 жылда климат қалай өзгерген

Ауа райы
Фото: istockphoto.com

Қазақстан әлемнің басқа елдеріне қарағанда екі есе жылдам жылып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Қазгидромет" синоптиктері Қазақстанда соңғы 50 жылда климаттың қалай өзгергеніне қатысты есеп жариялады. 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) мәліметінше, 1980-жылдардан бері әрбір келесі онжылдық алдыңғысынан жылырақ болған. Ал 2006–2025 жылдар аралығы 1850 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылау тарихындағы ең жылы 20 жылдық кезең болған.

"Қазгидромет" мәліметінше, Қазақстанда жылыну әлемнің басқа елдеріне қарағанда екі есе жылдам жүріп жатыр.

“1976–2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағы бойынша орташа жылдық ауа температурасының өсу қарқыны әр 10 жыл сайын орта есеппен 0,4°C-қа жоғарылаған. Бұл жаһандық орташа жылыну қарқынынан (+0,18–0,2°C/10 жыл) шамамен екі есе жоғары”, – делінген “Қазгидромет” есебінде. 

Ал 2025 жыл Қазақстанда 1941 жылдан бері жүргізілген бақылаулар тарихындағы ең жылы жыл болды. Орташа жылдық температура 1961–1990 жылдардағы климаттық нормадан 2,96°C-қа жоғары болған. 

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның климаты шұғыл континенталды сипатқа ие.

“Қазақстан Еуразия континентінің орталығында, әлемдік мұхиттардан алыс орналасқандықтан, климаты шұғыл континенталды. Мұхиттардың климатты реттеуші әсерінің әлсіз болуы және құрлықтық ерекшеліктер ел аумағындағы жылынудың айқын көрінуіне ықпал етеді. Қазақстанда жылыну қарқыны өңірлер мен маусымдар бойынша әркелкі”, – делінген хабарламада. 

Мәселен, жылынудың ең төмен жылдық қарқыны Қарағанды облысында тіркелген – он жылда шамамен 0,29°C. Ал ең жоғары көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында байқалған – шамамен 0,59°C.

Бір қызығы, Қазақстанда жылынудың ең жылдам жүретін уақыт көктем мезгілінде. Көктемде температураның өсу қарқыны он жылда шамамен 0,7°C-ты құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдың жазы ең ыстық маусым деп танылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 21:48