Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аптап ыстық 450 мың адамның өмірін қиюы мүмкін: Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?

Алматы, ауа райы
Фото: ЖИ

Күнтізбе бойынша күз басталғалы бір айға жуықтады. Бірақ әлемнің бірқатар бөлігінде жаздың ыстығы әлі тарқамаған. Ұлыбританияда қыркүйектің соңында ауа температурасы +26 градусқа дейін көтеріліп, ғалымдар мұны қалыптан тыс жылы ауа райы, климаттың өзгеруі және күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо құбылысымен байланыстырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның үстіне ғалымдардың жаңа есебі алаңдатарлық болжам ұсынды: қазір Эль-Ниньо мен соған қабаттасқан жоғары температура салдарынан 2026 жылғы маусымнан 2027 жылғы ақпанға дейін әлемде аптапқа байланысты өлім-жітім әдеттегі жылмен салыстырғанда шамамен 451 мыңға артуы мүмкін.

Бұл – тіркелген өлім саны емес, ғылыми модельге негізделген болжам. Дегенмен зерттеушілер келер айларда экстремалды ыстық күндер саны шамамен 44% артуы ықтимал екенін айтады.

Күз келсе де, Еуропада күн неге ыстық?

Daily Mail мәліметінше, Ұлыбританияда қыркүйектің соңындағы жазға тән ауа райын ғалымдар бірнеше себеппен байланыстырып отыр.

Климатологтардың айтуынша, қазір бірнеше құбылыс қатар келіп отыр. Біріншісі – жаһандық температураның ұзақ мерзімді өсуі. Екіншісі – Атлант мұхитындағы су температурасының әдеттегіден жоғары болуы. Үшіншісі – оңтүстіктегі жылы ауаны солтүстікке жеткізіп тұрған атмосфералық ағындардың орналасуы.

Яғни бүгінгі аптаптың бәрін Эль-Ниньоға жаба салуға болмайды.

Ридинг университетінің метеорологы Ханна Клок нақты бір аймақтағы ауа райын циклон, антициклон мен ауа массалары қалыптастырады деп түсіндірді. Бірақ климат жылынған сайын сол процестердің өзі бұрынғыдан жоғары температура әкеледі.

Қарапайым тілмен айтқанда, ауа райының “бастапқы температурасы” өзгерген. Ал Эль-Ниньо осы фонға тағы бір жылу факторын қосып отыр.

Эль-Ниньо деген не?

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының орталық және шығыс экваторлық бөлігіндегі су бетінің қалыптан тыс жылынуымен байланысты табиғи климаттық құбылыс.

Ол екі-жеті жыл сайын қайталанып отыратын Эль-Ниньо – Оңтүстік тербелісі циклінің жылы кезеңі саналады. Оның қарама-қарсы фазасы – Ла-Нинья кезінде мұхит суы, керісінше, салқындайды.

Тынық мұхитындағы судың жылынуы мұхитпен ғана шектеліп қалмайды. Ол атмосферадағы ауа қозғалысын өзгертіп, жауын-шашынның таралуына, құрғақшылыққа, дауылдарға және температураға әлемнің түрлі бөлігінде ықпал етуі мүмкін.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, қазір Эль-Ниньо қалыптасып, одан әрі күшейіп келеді. Оның шарықтау шегі 2026 жылдың соңына сәйкес келуі ықтимал. Ал жаһандық ауа райы мен климаттық процестерге әсері 2027 жылдың басында да сақталуы мүмкін.

Қазақстанға да Эль-Ниньо аптап әкеле ме?

Ал әлемді алаңдатып отырған бұл құбылыстың Қазақстанға әсері қандай? Биылғы жылы күзді Эль-Ниньомен байланыстыруға бола ма және келер айларда елімізді қандай ауа райы күтіп тұр? Stan.kz тілшісі осы сауалдарды “Қазгидромет” РМК Климаттық зерттеулер басқармасының бастығы Нұрайлы Кожагелдинаға қойды.

Нұрайлы Кожагелдинаның айтуынша, Қазақстанға келгенде Эль-Ниньоның әсерін тікелей байланыстыруға болмайды.

Эль-Ниньо Тынық мұхитының тропикалық бөлігінде қалыптасады. Қазақстанға ол жанама түрде – атмосфераның ауқымды айналымының өзгеруі, циклондардың қозғалыс бағыттары мен Еуразия үстіндегі ауа массаларының тасымалдануы арқылы әсер етуі мүмкін.

“Қазақстан аумағында ауа температурасының Эль-Ниньо құбылысымен тұрақты байланысы анықталған жоқ. Елдегі температуралық режим, әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерде, Арктикалық және Солтүстік Атлантикалық тербелістердің жағдайына, Сібір антициклонының белсенділігіне және басқа да циркуляциялық процестерге көбірек байланысты”, – деді Нұрайлы Кожагелдина тілшіге.

“Қазгидромет” 1951–2025 жылдардағы бақылау деректерін де талдаған. Нәтижесінде Эль-Ниньо кезеңдерінде Қазақстанның кейбір оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде суық маусымдағы жауын-шашынның таралуында белгілі бір заңдылық байқалған.

Бұл ерекшелік Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында айқынырақ көрінеді. Елдің солтүстігіне қарай мұндай тәуелділік әлсірейді. Алайда синоптик көпжылдық бақылаудан табылған бұл заңдылық нақты бір күздің немесе қыстың қандай болатынын алдын ала анықтап бермейтінін ескертті.

Яғни “Эль-Ниньо келді, демек Қазақстанда міндетті түрде жылы қыс болады” деген тұжырым жасауға негіз жоқ. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Эль-Ниньоға қатысты бағалауы бүкіл әлемдегі климаттық үрдістерді сипаттайды, Қазақстандағы нақты ауа райының болжамы емес.

Бірақ биыл Қазақстанда да рекорд жаңарды

Эль-Ниньоның Қазақстан температурасына нақты үлесін бөліп көрсету қиын болғанымен, биылғы жаздың ерекше ыстық болғаны – факт.

Нұрайлы Кожагелдина ұсынған мәліметке сәйкес, 2026 жылғы жаз Қазақстанда 1941 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болды. Ел бойынша орташа ауа температурасы 1991–2020 жылдардағы климаттық нормадан 2,15 градусқа жоғары болған.

Қазақстанның басым бөлігінде оң температуралық ауытқу тіркеліп, 102 метеостанцияда орташа маусымдық температураның жаңа рекорды орнаған.

Ең үлкен ауытқу Қарағанды облысындағы Бес-Оба метеостанциясында байқалды. Мұнда температура нормадан 4 градус жоғары болған.

Жауын-шашын да біркелкі түспеген. Қазақстан бойынша жазғы жауын-шашын климаттық нормадан орта есеппен 7,12 миллиметр аз түсті. Батыста жауын-шашын көбірек болса, шығыс пен оңтүстік-шығыстың едәуір бөлігінде ылғал тапшылығы байқалған.

Он метеостанцияда жағдай “экстремалды құрғақ” санатына енген. Ал Жалаңашкөл метеостанциясында үш жазғы ай бойы жауын-шашын мүлде тіркелмеген.

Қазіргі жылы күндер күздің ерекше ыстық болғанын білдіре ме?

“Қазгидромет” маманы бұл мәселеде қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады.

“Күз енді басталды. Бұл мезгілде ауа райы бірде жылынып, бірде салқындап тұратынын білеміз. Маусым аяқталмайынша биылғы күз былтырға қарағанда шынымен жылы болды ма, жоқ па деп нақты айтуға болмайды”, – деді Нұрайлы Кожагелдина.

Мұны кейінгі жылдардың дерегі де көрсетеді:

  • 2023 жылғы қыркүйектек температура климаттық норма шамасында болып, қазан мен қараша әдеттегіден жылы өтті.
  • 2024 жылғы қыркүйек салқын болды, ал қазан мен қараша нормаға жуықтады.
  • 2025 жылғы күз негізінен жылы болғанымен, қазанда Қазақстанның шығыс бөлігі салқын, батысы жылы болды. Ал қараша ерекше жылы өткен.

Демек қыркүйектегі бірнеше жылы күнге қарап бүкіл күзге баға беру дұрыс емес.

Биылғы күз қандай болады?

Дегенмен “Қазгидрометтің” консультативтік маусымдық болжамына сәйкес, 2026 жылғы күз Қазақстанда негізінен жылы болады деп күтіледі.

Қыркүйекте елдің басым бөлігінде температура климаттық норма шамасында болады. Қиыр батыста ғана әдеттегіден жылырақ болуы мүмкін.

Ал қазан және қараша айларында республиканың көптеген облысында ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градус жоғары болады деп болжанып отыр. Оңтүстік-шығыста температура негізінен норма шамасында сақталады.

Жауын-шашын мөлшері жалпы алғанда климаттық нормаға жуық болады.

Қарашада Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысының солтүстік жартысында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстандағы күздің құбылмалы сипаты сақталады. Жылы күндерді циклондар, жауын-шашын, жел және күрт салқындау алмастырып отыруы ықтимал.

Эль-Ниньоның ең үлкен әсері әлі алда ма?

Ғалымдардың назарын аудартып отырған мәселе де осы.

Эль-Ниньоның жаһандық температураға ең күшті әсері құбылыс шарықтау шегіне жеткеннен кейін бірнеше айдан соң байқалуы мүмкін. Сондықтан әлемдік климат тұрғысынан 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың алғашқы айлары маңызды кезең болмақ.

Бірақ Қазақстан жағдайында алдағы күз бен қыстың қандай өтетінін жалғыз Эль-Ниньоға қарап болжау мүмкін емес.

Бір жағынан, еліміз биыл бақылау тарихындағы ең ыстық жазды бастан өткерді. Екінші жағынан, қазан мен қарашаның да әдеттегіден жылы болуы болжанып отыр. Алайда Қазақстандағы әрбір жылы күнді немесе температуралық рекордты Эль-Ниньомен тікелей байланыстыру ғылыми тұрғыдан дұрыс емес.

Эль-Ниньо – әлемдік климатқа ықпал ететін ірі табиғи құбылыстардың бірі. Ал Қазақстандағы нақты ауа райын бірнеше атмосфералық процесс қатар қалыптастырады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмғаны хабарланған еді. Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3–4 есе артқан. Былтыр аптаптан жеті адам қайтыс болған.

Маманның сөзінше, ыстыққа шыдамайтын топқа егде жастағы адамдар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, созылмалы ауруы бар ерте жастағы балалар жатады. Себебі балалардың жылу алмасу жүйесі толық қалыптаспаған. Сол себепті олардың ағзасы қызуға және жылу соққысына көбірек бейім келеді.

Сонымен қатар жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар да қауіп тобына жатады. Бұдан бөлек, құрылысшылар мен далада ұзақ уақыт еңбек ететін басқа да мамандар ыстық күндері медициналық көмекке жиі жүгінеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 13:05