Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында сақ қорғандарын экскаватор қазып, қайта жауып кеткен

қорған
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы “Шағаноба” археологиялық кешенінде ауыр техникамен жер қазу жұмыстары жүргізілген. Желіде тарихи нысандар түсірілген видео тарады. Кадрдан қорған үстінен ауыр техниканың жүріп өткенін көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шілікті өңіріндегі сақ қорғандарының қазіргі күйін Threads желісінде Аяжан есімді қолданушы жазды. Оның айтуынша, тарихи нысанның үстінен белгісіз біреулер булдозермен өткен. 

“13 қараша күні Шілікті өңіріндегі (ШҚО) сақ қорғандарының үстінен ауыр техникамен өткенін естіп, жағамды ұстадым. Біз ойлап тапқан дрондар, түрлі датчиктер мен роботтар қайда? Осындай тарихи мұраларды қорғауға неге қолданылмайды? Неліктен ұлттық қауіпсіздік пен тарихи ескерткіштердің қорғалуына соншалықты салғырт қараймыз? Меніңше, мұндай жағдайларға шетелдік компаниялардың да қатысы болуы мүмкін. Өз басым мұны да Қытайлардың ісі деп ойлаймын. Қаншама ғасыр бойы ұрланбаған нәрсе, осылар келгелі еліміздің шетінен ұсталып жатыр”, – деп жазды ол. 

Аталған жайт желіде қызу талқыға түскен соң жағдайға полиция мен археологтар араласты.

Полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, жер қазу жұмыстары болған аумақты қарады. Мәліметке сәйкес, бұрын қазылған шұңқырлар топырақпен қайта көмілген. Бұл жұмыстарға “SRS” ЖШС-не тиесілі ауыр техника пайдаланылған.

Оқиға орнында болған азаматтардың жеке басы анықталып, полиция тиісті материалдарды тіркеген. Сонымен қатар археологтар, тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, жергілікті әкімдік пен полиция өкілдері нысанды бірлесіп тексерген.

Мамандар жер қазу жұмыстарынан қалған ізді фото-видеоға түсіріп, тексеру нәтижесі бойынша арнайы акт толтырған. Дегенмен бұл жұмыстардың көне қорғандарға нақты зиян келтірген-келтірмегені әзірге анықталған жоқ.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, археологиялық кешен аумағын қар басуына байланысты ескерткіштердің қазіргі жағдайын толық зерттеу мүмкін емес. Сондықтан нысанға қосымша археологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.

“Көктемде мамандар қорғандардың сақталу жағдайын бағалап, ауыр техниканың әрекетінен зақым келген-келмегенін анықтайды. Егер тарихи нысандарға зиян келтірілгені расталса, қажет археологиялық құтқару жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Ал оқиғаның құқық жағын бағалау үшін жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. Тексеру барысында заң талаптарының бұзылғаны анықталса, оған жауапты тұлғалар заң аясында жауапқа тартылады”, – делінген жауапта. 

Әкімдік тарихи-мәдени мұра нысандарын заңсыз қазу мен бүлдірудің алдын алу үшін бақылау шараларын күшейтетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысының Панфилов ауданындағы мыңдаған жылдар бұрын бой көтерген сақ қорғандарын белгісіз біреулер тонап кеткенін жазған едік. Көне қорымдар Жаркент қаласынан солтүстікке қарай жүз шақырым жерде орналасқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 11:42