Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы болып Марат Ирменов тағайындалды
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы ауысты. Ермек Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорда бұрынғы басшы Ермек Сағымбаевтың лауазымынан босағанын мәлімдеді. Оның орнына жаңа қызметкер тағайындалды.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды”, – делінген хабарламада.
Марат Ирменов ұлттық қауіпсіздік органдарында шамамен 30 жыл қызмет еткен. Ол – ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры. ҰҚК төрағасы болып тағайындалғанға дейін комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
ҰҚК сайтындағы өмірбаянына сүйенсек, Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Одан кейін, 1996 жылы ҰҚК институтында, ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясында білім алған.

Ирменовтің еңбек жолы түгелге жуық ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланысты.
- 1996–2000 жылдары – ҰҚК органдарында жедел қызметтерде жұмыс істеген;
- 2000–2025 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтер атқарған;
- 2016–2020 жылдары – ҰҚК-ның Ақтөбе облысы бойынша департаментін басқарған;
- 2020 жылы – ҰҚК-ның Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы болған;
- 2022 жылғы қаңтарда – ҰҚК-ның Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған;
- 2025 жылғы қазанда – ҰҚК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Еске салсақ, Қазақстандық журналист АҚШ-тағы телеарнаға басшылық қызметке тағайындалған еді.