Илон Масктың ғарыш кемесі алғаш рет ұшыру алаңына қайтып оралды
Компанияның Starship ғарыш кемесі 22 сағаттан астам уақытқа созылған сынақ ұшуынан кейін Жерге оралып, алғаш рет ұшыру мұнарасындағы арнайы темір құрылғылардың көмегімен қонды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Starship ғарыш кемесі 14 қарашада Жерге оралды. Ол ұшыру алаңына жақындап, ауада қалықтап тұрған сәтте мұнарадағы "тамақ жеуге арналған таяқшалар" деп аталып кеткен алып механикалық құрылғылар кемені екі жағынан ұстап қалған. Ғарыш кемесінің жерге оралуы тікелей эфирде де көрсетілген. SpaceX өкілі Дэн Хуот бұл жетістікті ғарыш саласындағы маңызды бетбұрыс деп бағалады.
"Біз көптен бері қол жеткізуге ұмтылған мақсатымызды орындадық. Starship кемесін әуеде ұстап қалдық. Енді бәрі өзгереді", – деді ол.
Биіктігі 124 метр болатын Starship зымыраны 13 қарашада АҚШ-тың Техас штатындағы Бока-Чика аймағында орналасқан Starbase ғарыш айлағынан ұшырылған еді. Сынақ барысында ғарыш кемесі Жерді 14 рет айналып шығып, орбитаға Starlink интернет желісіне арналған 26 жерсерікті жеткізді.
Алайда SpaceX компаниясының бастапқы жоспары толық орындалған жоқ. Өйткені мамандар зымыранның екі бөлігін де Жерге қайтарып, арнайы құрылғылармен ұстап қалуды көздеген.
Starship екі негізгі бөліктен тұрады. Төменгі бөлігі Super Heavy деп аталады. Ол зымыранды жерден көтеріп, ғарышқа шығуға қажетті бастапқы күшті береді. Ал жоғарғы бөлігі – ғарышқа ұшып, жүк пен адамдарды тасымалдауға арналған Starship кемесі. Бұл жолы төменгі бөлікті ұшыру мұнарасына қайтару әрекеті тоқтатылды. Ол Мексика шығанағына бағытталып, суға құлау кезінде жарылды. Ал жоғарғы бөлігі Жерге сәтті оралды.
Бұған дейін SpaceX мамандары үш сынақ кезінде зымыранның төменгі бөлігін мұнарадағы арнайы құрылғылармен ұстап қалған болатын. Алайда ғарышқа шыққан жоғарғы бөлікті дәл осылай қайтару алғаш рет жүзеге асып отыр.
Бұл жетістіктің маңызы неде?
SpaceX компаниясының басты мақсаты – ғарышқа ұшырылған зымырандарды қайта пайдалану алу. Қазір көптеген зымыранның кейбір бөліктері ұшырылғаннан кейін жарамсыз болып қалады. Ал оларды қайта пайдалану ғарыш сапарларына кететін шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранының төменгі бөлігін бірнеше рет пайдалануға болады. Осы технологияның арқасында компания ғарышқа ұшу құнын да төмендете алды. Енді компания Starship зымыранының екі бөлігін де Жерге аман қайтарып, келесі сапарларға қайта пайдалануды жоспарлап отыр.

Бұл жобаның нәтижесін АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі мұқият бақылауға алған. Өйткені Starship кемесі америкалық ғарышкерлерді Айға қайта жеткізу жоспарында маңызды рөл атқарады. Одан бөлек, NASA 2028 жылы Айға адам қондыруды көздеп отыр. Алайда бұл мақсатқа жету үшін әлі де бірқатар күрделі сынақтан өту қажет. Бұл ретте Айға қону аппараттарын әзірлеумен Илон Масктың SpaceX компаниясынан бөлек, миллиардер Джефф Безостың Blue Origin компаниясы да айналысып жатыр.
Айта ктеерлігі, АҚШ-тың Айды игеру жоспары Қытаймен ғарыш саласындағы бәсекелестік аясында жүзеге асырылып жатыр. Қытай 2030 жылға қарай өз ғарышкерлерін Айға қондыруды жоспарлаған еді.