Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автобустағы балалар арбасы: Министр ата-аналардың шағымынан кейін ережені қайта қарауға уәде берді

балалар арбасы автобус
Фото: Shutterstock

Көлік министрі Әсел Жанасова әлеуметтік желіде ата-аналардан автобустағы балалар арбасына қатысты көп өтініш түскендіктен жолаушыларды тасымалдау ережелерін қайта қарауға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әсел Жанасова  ата-аналардың шағымына Threads әлеуметтік желісінде жауап берді. Министр қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге тыйым салынбағанын және мұндай шектеу енгізілмейтінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, егер бала ұйықтап жатса немесе ата-анаға арбаны жинау ыңғайсыз болса, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, автобуста арбаны жайылған күйінде алып жүруге болады.

"Кішкентай баласымен келе жатқаны үшін ешкім ата-ананы арбаны жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлемеуі керек", – деді Жанасова.

Министр қолданыстағы талаптарды не себепті қайта қарауға шешім қабылдағанын да түсіндірді.

"Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сұрақтарды ескере отырып, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті ережелерді қайта қарау туралы шешім қабылдадым", – деп жазды ол.

Әзірге ережелерге енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен оларды қабылдау мерзімі белгісіз.

Еске салайық, 29 қыркүйектен бастап Қазақстанда жолаушыларды тасымалдаудың жаңартылған қағидалары қолданысқа енді. Оған сәйкес, автобус іші толған жағдайда ата-анаға отыруға бос орын болса, балалар арбасын жинап алып жүру керек. Сонымен қатар арба басқа жолаушылардың өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс.

Осы талаптағы тұжырымға байланысты әлеуметтік желілерде жайылған балалар арбасымен автобусқа мінген ата-аналарға қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін деген ақпарат тарады.

14 қарашада Көлік министрлігі арбамен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство арбаны жинаудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу, оларды автобустан түсіру немесе басқа да шаралар қолдану қарастырылмағанын түсіндірді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 15 Қараша, 2026 17:39