"Арбамен жүрген ата-аналар қалай көтеріледі": Алматы әкімдігі қауіпті пандустарға қатысты түсініктеме берді
Алматыда арбалар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған пандустар ретке келтіріледі. Әкімдіктегілер тұрғындардың қауіпті пандустарға қатысты шағымына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайта жаңартылған Республика алаңындағы пандустарға қатысты қала тұрғыны шағымданған. Оның айтуынша, пандустардың кейбірі қазірдің өзінде бүлінген. Сонымен қатар тұрғын оларды, әсіресе жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін, пайдалану қаншалықты ыңғайлы екеніне күмән келтірген.
"Алаңды реконструкциялау жұмыстары шамамен төрт айға созылды. Әкімдікке қоятын бір ғана сұрағым бар: мұнда жүріп-тұруы шектеулі адамдар қалай қозғалады? Кейбір пандустардың жоғарғы жағында тіпті баспалдақ бар! Яғни арбадағы адам пандуспен көтеріліп, соңында кедергіге тіреледі. Мүгедектерге арналған арбадағы адамдар өздігінен қалай жүріп-тұрмақ? Бесікарбамен жүрген ата-аналар қалай көтеріледі? Бұл жұмыстарды кім қабылдап, нысанның қолжетімділігін кім тексерді?" – деп жазды Threads қолданушысы.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, алаңды абаттандыру бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Алайда Байсейітова көшесі жақтағы іргелес аумақта кейбір жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
"Басқарма қолданыстағы пандустардың жағдайынан және оларды тиісті деңгейге келтіру қажет екенін біледі. Жоба аясында қолданыстағы гранит жабындысы ауыстырылып, пандустар қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Бұл ретте жаяу жүргіншілерге, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға ыңғайлы әрі қауіпсіз етеміз. Бұл нысандар ұзақ уақыт бойы кешенді жөндеуден өтпеген. Осыған байланысты оларды қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы абаттандыру аясында қарастырылды", – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жұмыстар аяқталғаннан кейін іргелес аумақ пен пандустар жобалық шешімдерге сәйкес тиісті жағдайға келтіріледі.
