Көкшетауда автобус жүргізушісі мен жолаушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласты
Көкшетауда аялдамалардың бірінде №10 автобустың жүргізушісі мен екі жолаушы арасында жанжал шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлердің айтуынша, жанжал автобус жүргізушісінің басқа жолаушыларға кедергі келтірмеу үшін салонның алдына қарай өтуді сұрауынан басталған. Олардың жазуынша, екі жолаушы да мас күйде болған және жүргізушінің ескертуі оларға ұнамаған.
Автобустағы төбелес қала тұрғындарының арасында түрлі пікір туғызды. Бірі жолаушылардың әрекетіне наразылық білдірсе, енді бірі жүргізушінің іс-әрекетін талқыға салды.
Болған оқиғаға қатысты полиция тергеуді бастап кетті. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ақмола облыстық полиция департаментінің журналистерге хабарлауынша, жолаушылардың бірі автобус жүргізушісінің бет тұсынан ұрғаны анықталған. Алайда жәбірленушінің өзі бұл оқиға бойынша шара қолданбау туралы арыз жазған.

Нәтижесінде жүргізушіге қол көтерген ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция кез келген келіспеушілікті жұдырықпен емес, заң аясында шешу керегін еске салды.
Бұған дейін Түркістан облысында әйелдердің балалар ойнайтын алаңда төбелескені туралы жазған едік. Түркістандағы Turan Mall сауда орталығында болған жағдайға байланысты жанжалға қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған болып шықты. Оның айтуынша, оқиға сары шашты әйелдің баласының жасөспірімді балағаттауынан басталған.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма