"Маргарин, чипсы мен фастфуд": Қазақстандықтарға транс майлары бар өнімдердің қаупі ескертілді
Қазақстандықтарға маргарин, чипсы мен фастфудты көп тұтынбауға кеңес берілді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл өнімдердің құрамында кездесетін транс майлар жүрек аурулары мен қант диабетінің қаупін арттыратынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, өнеркәсіптік транс майлар көбіне сұйық өсімдік майларын арнайы өңдеу арқылы алынады. Ол үшін майға сутек қосылады. Осылайша майдың сақтау мерзімі ұзарып, тағам өндірісінде қолдануға ыңғайлы бола түседі. Алайда мұндай өңдеу кезінде оның химиялық құрамы өзгеріп, денсаулыққа зиянды транс майлар пайда болады.
Транс майлар тек маргарин мен спредтердің құрамында ғана кездеспейді. Мамандардың айтуынша, күнбағыс, зәйтүн, соя және жүгері сияқты өсімдік майларын жоғары температурада ұзақ қыздырғанда немесе қайта-қайта қолданғанда да транс майлар түзілуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер қуырылған тағамдарды шамадан тыс тұтынбауға кеңес береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өнеркәсіптік транс майларды азық-түлік құрамынан алып тастауды ұсынады. Ұйымның мәліметінше, оларды көп тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының, семіздік пен қант диабетінің даму қаупін арттырады. Сондықтан ДДСҰ транс майлардың орнына денсаулыққа қауіпсіз балама майларды пайдалануға шақырады.
Транс майлар қандай тағамдарда кездеседі?
- попкорн мен чипсы;
- кетчуп, майонез және түрлі тұздықтар;
- фри картобы, наггетс, чебурек және басқа фастфуд өнімдері;
- печенье, пончик, вафли, тәтті тоқаш, торт және шоколад батончиктері.
Үйде тамақ әзірлегенде зәйтүн, күнбағыс, мақсары, рапс, соя және жүгері майларын пайдалануға болады. Сондай-ақ қуыруға үйрек майы мен ерітілген сары майды қолдануға рұқсат етіледі.
Өнім құрамынан транс майларды қалай анықтауға болады?
Комитет мамандары дүкеннен азық-түлік сатып алғанда оның қаптамасындағы құрамын мұқият оқуға кеңес береді. Өйткені кейбір өндірушілер транс майларды заттаңбада басқа атаулармен көрсетуі мүмкін.
Мәселен, өнім құрамында мынадай атаулар кездессе, оған назар аударған жөн:
маргарин;
- өсімдік майы;
- аспаздық май;
- аралас май;
- гидрленген май;
- ішінара гидрленген май.
“Азық-түлік сатып аларда өнімнің құрамын мұқият оқып, транс майлары бар тағамдардан бас тартуға тырысыңыз. Фастфуд пен дайын жартылай фабрикаттарды мүмкіндігінше аз тұтыныңыз. Дайын тағамның орнына үйде әзірленген асқа басымдық беріңіз. Тамақ пісіргенде маргарин, спред және дайын тұздықтарды қолданбаңыз. Күнделікті рационға жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдар мен ақуызға бай өнімдерді көбірек қосыңыз”, – деді комитет.
Еске салсақ, Дәрігерлер жүрек саулығын сақтауға көмектесетін тамақтану әдеттерін атаған еді.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма
