Дәрігерлер жүрек саулығын сақтауға көмектесетін тамақтану әдеттерін атады
Күнделікті тамақтану әдеті жүректің саулығына тікелей әсер етеді. Дәрігерлер жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін қандай тағамдарды көбірек жеп, нені шектеу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі kanaldim.tv порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, күнделікті рационның негізін түрлі көкөністер мен жемістер құрауы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге күніне кемінде 400 грамм көкөніс пен жеміс тұтынуды ұсынады.
"Өнімдердің құрамында флавоноидтар мен антиоксиданттар бар. Олар қан тамырларының ішкі қабатының қызметін жақсартып, қан қысымын төмендетуге ықпал етеді", – делінген мамандар хабарламасында.
Дұрыс таңғы ас
Таңғы ас құнарлы әрі теңгерімді болғаны жөн. Оған:
- сұлы, қарақұмық сияқты тұтас дәнді дақылдар мен кебек қосылған өнімдер;
- жұмыртқа, сүзбе, майы аз ет сияқты ақуызға бай тағамдар;
- жаңғақ, зығыр тұқымы, тұзы аз қызыл балық немесе майшабақ, қатты ірімшік сияқты пайдалы майлар кіруі мүмкін.
Тұтас дәнді өнімдер талшыққа бай болғандықтан, баяу қорытылады және ұзақ уақыт тоқтық сезімін береді.
Түскі ас
Түскі асты "дұрыс тәрелке" қағидатына сай құрастыру ұсынылады. Рационға калий мен магнийге бай тағамдарды, соның ішінде пісірілген картоп, көк шөп, жаңғақ және авокадоны қосуға болады.
Бұл микроэлементтер жүрек пен қан тамырларының қалыпты жұмыс істеуі үшін маңызды.
Кешкі ас жеңіл болғаны дұрыс
Мамандар кешкі асқа көкөніс гарнирімен бірге құс еті немесе балық жеуге кеңес береді.
"Майлы әрі ауыр тағам ұзақ қорытылады. Ол ұйқының сапасын төмендетіп, түнде қан қысымы мен жүрек соғу жиілігінің жоғарылауына ықпал етуі мүмкін. Бұл жүрек саулығына кері әсер етеді", – деді мамандар.
Сонымен қатар чипсы, кептірілген нан, тұздалған өнімдер сияқты тағамдарды шектеу керек. Натрийдің шамадан тыс мөлшері қан қысымының жоғарылауына және ағзада сұйықтықтың жиналуына әсер етуі мүмкін. ДДСҰ ересектерге тәулігіне 5 грамнан артық тұз тұтынбауды ұсынады.
Мамандар жүрек саулығы үшін дұрыс тамақтанумен қатар, жеткілікті әрі сапалы ұйқының да маңызды екенін атап өтті. Ұйқы режимін сақтау жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесетін салауатты өмір салтының бір бөлігі саналады.
Еске салайық, бұған дейін күзде күннің салқындауына байланысты адамның қозғалысы азайып, дұрыс тамақтанбау, суды аз ішу және стресс жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Дәрігерлер осы кезеңде белсенділік пен ұйқы режиміне, тамақтану тәртібіне мән беруге кеңес береді.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
