Дәрігер күзде жүрекке қандай қауіп төнетінін айтты
Невролог Алексей Маматов күз мезгілі басталғанда жүрек аурулары не себепті асқынуы мүмкін екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Известия” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігердің айтуынша, күзде жүрекке төнетін қауіптің бірі – адамның қозғалысының азаюында.

“Күзде жүрек-қан тамырлары жүйесіне төнетін күтпеген қауіп кейде суықтың өзі емес, суыққа байланысты біздің әдетіміздің өзгеруі болуы мүмкін. Жазда адам күн сайын көп жүріп-тұруы мүмкін. Ал күз келгенде қозғалысы күрт азаяды. Соның салдарынан бірнеше апта ішінде қан айналымы жүйесінің жұмысы өзгереді”, – деді дәрігер.
Демек ауа райы салқындаған соң адамдар далаға аз шығып, бұрынғыдай белсенді қимылдамайды. Қозғалыстың күрт төмендеуі жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін.
Маманның айтуынша, күздегі тағы бір қауіп – тамақтану тәртібінің өзгеруі. Бұл мезгілде рационда тұз, қант пен кофе көбірек болуы мүмкін. Сонымен қатар адамдар суды жеткілікті ішпей жатады.
Оған қоса, күзде стресс те жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Дәрігер мұны жұмыс жүктемесінің артуымен байланыстырады.
Мұндай қауіптердің алдын алу үшін дәрігер төрт қағиданы сақтауға кеңес берді. Олар: жеткілікті қозғалу, дұрыс ұйықтау, қажет мөлшерде су ішу және теңгерімді тамақтану.
Сонымен бірге Алексей Маматов адамның денсаулығындағы өзгерістерді тек күздің келуімен байланыстыра беруге болмайтынын айтты.
“Кейде адам дәрігерге жүрегіне қатысты бір шағыммен келеді. Бірақ тексеру барысында мәселенің ауқымы кеңірек екені анықталады. Мысалы, қан тамырларының жұмысы бұзылуы, ағзадағы кейбір тапшылықтар, зат алмасу немесе гормондық өзгерістер болуы мүмкін”, – деді дәрігер.
Айта кетейік, бұған дейін Дәрігер күзде иммунитетке кері әсер ететін негізгі факторлардың бірін атағаны туралы жазған едік.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты