Кардиохирург жүрек ауруына шалдықпаудың құпиясын бөлісті

Қазақстанда кардиохирургия саласы соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Бүгінде еліміз бұл бағытта әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарына кіреді. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейі соңғы бес жыл ішінде 35 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесіне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау, медицина мамандарының кәсіби еңбегі және заманауи технологиялардың кеңінен енгізілуімен байланысты. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев еліміздегі кардиологиялық қызметтің қазіргі жағдайына тоқталып, саладағы негізгі жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы өз пікірін білдірді. Сонымен қатар жүрек ауруы неден пайда болатынын, оның қалай алдын алу қажеттігін, энергетикалық сусынның адам ағзасына қауіптілігі туралы Stan.kz YouTube арнасына сұхбат берді.

“Энергетик ішіп, жүрек жарамсыз болып қалған”
Кардиохирург Рүстем Төлеутаев жүрек ауруларының негізгі үш себебін атады. Оның айтуынша, біріншісі – жүректің туа біткен ақаулары, екіншісі – жоғары қан қысымын дер кезінде бақыламаудың салдарынан аурудың асқынуы. Ал үшінші себеп – қозғалыстың аздығы мен дұрыс тамақтанбау.
Маманның сөзінше, майлы тағамды шамадан тыс тұтыну, аз қимылдау ағзадағы холестерин деңгейінің жоғарылауына және артық салмақтың пайда болуына әкеледі. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады.
"Дұрыс тамақтанбай, майлы тамақ жейміз. Аз қозғаламыз. Салдарынан ағзадағы холестериннің мөлшері көтеріліп, артық салмақ пайда болады. Бұл адамның денсаулығына зиянын тигізеді. Жүрек аурулары пайда болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанып, организмдегі холестериннің мөлшерін бақылап, спортпен шұғылданып, темекі шекпесек дерттің алдын алуға мүмкіндік бар", – дейді Рүстем Төлеутаев.

Сонымен қатар Рүстем Төлеутаев энергетикалық сусындарды тұтынудан мүлдем бас тартуға кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай сусындардың құрамындағы қанттың көп болуы және басқа да қоспалар жүрекке артық салмақ түсіріп, денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
"Энергетикалық сусынды мүлдем ішпеген дұрыс. Себебі олардың құрамында глюкоза, яғни қант өте көп. Бұған қоса, бұл сусындар газдалған әрі түрлі концентраттардан тұрады. Энергетикалық сусындар адам организміне кері әсер етіп, жүректің соғу ырғағын өзгертеді. Соның салдарынан кейінгі уақытта жастар арасында жаңа жүрек ауруларының пайда болғанын көріп отырмыз. Жүрек ырғағының бұзылуы, жүрек бұлшықетінің әлсіреуі инфарктқа әкелуі мүмкін. Жақында біз жас пациентке жүрек ауыстырдық. Ол күніне өте көп энергетикалық сусын ішкен. Соның салдарынан жүрек бұлшықеті әлсіреп, жүректің жиырылу қабілеті төмендеді. Қанша емдесек те қалпына келмеді. Сондықтан жүрегін алмастыруға тура келді. Сол себепті энергетикалық сусындарды мүлдем ішпеген дұрыс. Ал кофені аз мөлшерде ішуге болады. Бірақ оны да шектен тыс тұтынуға кеңес бермеймін. Жалпы уақытында демалып, уақытында жұмыс істеу керек", – деді кардиохирург
40 жастан кейін скринингтен өту жүрек ауруының алдын алады
Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурулары ер адамдарда жиі кездеседі. Оның сөзінше, салауатты өмір салтын ұстанбайтын азаматтарда 40 жастан кейін жүрек ауруларының қаупі арта түседі. Ал әйелдерде бұл қауіп көбіне менопауза кезеңінде, ағзадағы гормондық өзгерістерге байланысты жоғарылайды. Дәрігердің айтуынша, аурудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – профилактикалық тексерулерден уақытылы өту. Қазақстанда скринингтік тексерулер тегін жүргізіледі. Соған қарамастан, көпшілік азаматтар денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмей, дәрігерге ауруы асқынған кезде ғана жүгінеді дейді.

"Скринингтен өту елімізде тегін. Ол үшін арнайы жұмыстан босатады. Бірақ біздің науқастар денсаулығына көңіл бөлмейді. Уақытылы қаралмағанның кесірінен ауруын асқындырып алады. Қан қысымы бар жандар өз денсаулығына ерекше көңіл бөліп, оның көтеріліп кетпеуін бақылауы керек. Жүрек ауруына шалдығу осындай қарапайым дүниелерден басталады", – дейді кардиохирург.
Кардиохирургтің айтуынша, ота кезінде адам ағзасының өмір үшін қаншалықты күрескеніне талай мәрте куә болған. Кейбір науқастардың жүрегін ашып көргенде олардың осындай ауыр жағдаймен қалайша өмір сүріп жүргеніне таңғалатын сәттер аз болмайды.

"Жүректі ашқаннан кейін таңғаласың. "Қалай адам осы жүрекпен жүрді?" деп ойлайсың. Ал ота кезінде ішінде не болып жатқанын көреміз. Сондай сәтте әр адамның тағдыры маңдайына жазылып қойған ба деп таңғаласың. "Қалай осы уақытқа дейін аман жүрді?" деген ой келеді. Бір науқаста қолқа тамырынан жүрек үзіліп кетуге шақ қалыпты. Тек бір қабат тін ғана ұстап тұрған. Оған ауыр инфекция себеп болған. Кеуде қуысын ашқанда "мына адам осы уақытқа дейін қалай өмір сүріп жүр?" деп қатты таңғалдым", – дейді кардиохирург.
Қазақстан кардиологияда әлемдік деңгейге жетті
Маманның сөзінше, бүгінде Қазақстандағы кардиохирургия саласы әлемдік деңгейде дамып келеді. Қазір елімізде әлемнің жетекші клиникаларында жасалатын күрделі жүрек оталарының басым бөлігі сәтті орындалып жатыр.



"Қазақстанның кардиохирургиясы әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарына кіреді. Әлемде жасалатын оталардың барлығы дерлік бізде де жасалады. Бұрын коронарлық шунттау отасы тек Астана мен Алматыда жасалса, қазір оны еліміздің барлық өңірінде жасауға мүмкіндік бар. Жүрек қақпақшаларына жасалатын күрделі оталар да аймақтарда қолжетімді. Жүрек трансплантациясы да жақсы деңгейде дамып келеді. Алайда донорлардың тапшылығына байланысты бұл бағытта белгілі бір қиындықтар бар. Кардиохирургиядағы ең қымбат операциялардың бірі – LVAD құрылғысын орнату. Бұл – жүрек трансплантациясын күтіп жүрген науқастың өмірін ұзартуға және өмір сапасын жақсартуға арналған механикалық қанайналым құрылғысы. Мұндай ота әлемнің көптеген елінде тек ақылы түрде жасалады. Ал Қазақстанда ол толықтай тегін жүргізіледі", – дейді кардиохирург.


Соған қарамастан, кейбір азаматтар әлі күнге дейін ем алу үшін шетелдік клиникаларды таңдайды. Рүстем Төлеутаев мұны көбіне халық арасында отандық медицинаның мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланыстырады.
Ол Қазақстанда бүгінде әлемнің дамыған елдерінде қолданылатын көптеген жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталар сәтті жасалып жатқанын айтты.
"Кардиохирургия саласында Кореяда жасалып жатқан көптеген оталар біздің елімізде де жақсы нәтижемен орындалып жатыр. Жақында бір қызық жағдай болды. Бір науқас Ресейде тұрады екен. Оны алдымен Қырғызстанға, кейін Өзбекстанға жіберген. Кейін бізге келіп ота жасатты. Ең қызығы, оның Қазақстан азаматы екені анықталды. Яғни бізге жету үшін үш мемлекетті аралап келген. Неге Қазақстанға бірден келмегенін сұрағанда, шетелдік дәрігерлердің Қазақстанда мұндай оталар жоғары деңгейде жасалатынын айтқанын, ал өзі бұған дейін оны білмегенін жеткізді. Ота сәтті өтті. Бүгінде біз Германия, АҚШ, Жапония сияқты дамыған мемлекеттерде қолданылатын заманауи технологиялармен қамтамасыз етілгенбіз. Мамандарымыз да біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отырады", – дейді кардиохирург.

Институт басшысы соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте оң нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. Айтуынша 2021- 2025 жылдары бұл аурулардан болатын өлім-жітім 35,1 пайызға төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында қан айналымы жүйесі ауруларының тіркелуі 6,6 пайызға, артериялық гипертония 9,7 пайызға, жүректің ишемиялық ауруы 10,1 пайызға, инсульт 6,1 пайызға азайған.
Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды