Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Масқара жағдай": Тоқаев елдегі сапасыз жолдар мен құрылыс саласын қатаң сынға алды

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жолдардың, құрылыстардың сапасы мен қалалардағы вандализм мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

“Масқара жағдай”

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қала ішіндегі және елді мекендер арасындағы жолдардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Президенттің айтуынша, жолдардың сапасы – Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі.

“Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз”, – деді Тоқаев.

Құрылыстың сапасы қатаң бақылауда болады

Тоқаев Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру керегін айтты. Сонымен бірге президент салынып жатқан нысандардың сапасына ерекше мән беру керек екенін жеткізді. 

“Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын”, – деді мемлекет басшысы.

Ол құрылысқа қатысты нұсқаулар мен белгіленген талаптарды бұзған адамдар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.

Тоқаев ғимараттарға граффити салуға қатаң шара қолдануды тапсырды

Президент Астана әкіміне ғимараттардың қабырғаларына граффити салу мәселесіне қатысты тапсырма берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан қалаларында мұндай жағдайларға жол бермеу керек.

Сонымен қатар қоғамдық орындарды бүлдіретін мұндай әрекеттерге қарсы заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Президенттің пікірінше, бұл – әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің бірі саналатын әрекет.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктерді заңсыз пайдалануға қатысты мәселе көтерген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 19 Қыркүйек, 2026 16:45