Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев кореялық бизнесті Қазақстанға инвестиция салуға шақырып, қолдау көрсететінін айтты

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық байланысты кеңейтіп, кореялық компанияларды елдегі жаңа өндіріс, құрылыс, энергетика, логистика және жасанды интеллект жобаларына инвестиция салуға шақырды. Мемлекет басшысы бұл туралы қазақ-корей дөңгелек үстелінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты. Ал Кореяның Қазақстанға салған инвестициясы 12 миллиард доллардан көп. Қазір елімізде корей капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді.

"Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды. Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді", – деді Президент.

Президент Қазақстанда кореялық компаниялардың қатысуымен автомобиль және тұрмыстық техника өндіріліп жатқанын атап өтті. Былтыр елде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылып, ұлттық рекорд тіркелген. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тиесілі.

Тоқаев құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғыртуды ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Алдағы уақытта көлік және коммуналдық инфрақұрылымнан бастап тұрғын үй, аурухана, мектеп және спорт нысандарына дейінгі құрылысты жандандыру жоспарланып отыр.

"Қазіргі таңда Қазақстан инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Кореямен сирек кездесетін және стратегиялық минералдарды игеру саласында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Алматыда сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығын ашу жоспарланған.

Энергетика саласында да бірқатар жоба қарастырылып отыр. Hyundai Engineering Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысына қатысып жатыр. Қазақстан газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетикалық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия және атом энергетикасы салаларында Кореямен байланысты кеңейтуге ниетті.

"Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір", – деді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика саласында президент Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынды. Ол жаңа логистикалық жобаларды іске асыруға және кореялық жүктерді Қазақстан аумағы арқылы кедергісіз тасымалдауға бағытталмақ.

Жасанды интеллект саласында Қазақстанда алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасы көтерілген. Сонымен қатар Павлодар облысында қуаты бір гигаватқа дейін жететін "Деректер өңдеу орталықтарының алқабын" орналастыру жоспарланып отыр.

"Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру. Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады", – деді Президент.

Қазақстан мен Корея университеттері арасында қазір 230-дан астам келісім бар. Президент медицина, фармацевтика, биотехнология және медициналық құрылғылар өндірісін де инвестициялық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына жатқызды.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 15:11