Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын “Достық” орденімен марапаттады
Сеулде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткеріне II дәрежелі “Достық” орденін табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Салтанатты рәсімге қатысқан мемлекет басшысы Корея мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастың маңызына тоқталды. Президент екі елдің географиялық тұрғыдан алшақ орналасқанына қарамастан, өзара құрмет пен ортақ мүдде халықтарды жақындастыратынын айтты.

“Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырады. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамып жатыр. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік”, – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан халқы мен мемлекет билігі Корея республикасына шынайы құрметпен қарайтынын айтып, оны Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтті.
“Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық аренадағы беделі жоғары мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдаған едік”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан мен Корея арасында терең саяси диалог қалыптасып, өзара ынтымақтастық көптеген бағыт бойынша дамып келе жатқанын жеткізді.
“Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді”, – деді президент.
Мемлекет басшысы марапатталған азаматтардың Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Тоқаев Кореямен байланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты.
“Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады”, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, қос халықтың достығын бекемдеу ортақ мүддеге сай келеді.
“Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін”, – деді Тоқаев.

Осылайша мемлекет басшысы Тоқаев рәсім барысында Корея республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн, Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун, Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Грузия премьер-министріне І дәрежелі "Достық" орденін табыстағаны туралы жазған едік.
Қазақстанда хиджабқа бола мектепті лицензиядан айыру дұрыс па: Заңгерлер не дейді?