Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ардагерлер жасара береді": Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктерді заңсыз пайдалануға қатысты мәселе көтерді

мәлімдеме
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясына қатысты. Онда әлеуметтік саладағы мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктер туралы айтып, олардың нақты мұқтаж жандарға берілуі маңызды екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда азаматтарға көрсетілетін тегін медициналық қызметтердің ауқымы мұнымен шектелмейді. Халықтың басым бөлігі бұл мүмкіндіктерді пайдаланып отыр.

Тоқаев тегін медициналық көмекке жүгінетін азаматтар саны маусымға қарай өзгеретінін айтты. Президенттің сөзінше, жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде медициналық көмекке жүгінушілер саны күрт артып, бұл үрдіс келесі демалыс маусымына дейін жалғасады.

Президент өзі ұсынған “Қазақстан халқына” қорына да тоқталды. Оның айтуынша, қор көптеген азаматқа, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетіп келеді.

“Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған "Қазақстан халқына" қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе  ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады. Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан “ардагерлер” пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді”, – деді президент. 

Бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі

Тоқаев бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі.

Президенттің сөзінше, талаптар мен белгіленген нормаға сәйкес, таңғы және түскі ас баланың күні бойы алуы тиіс құнардың 40%-ын өтеуі керек.

“Сондай-ақ шұжық, фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағам түрлерін мәзірден толығымен алып тастадық. Қант пен тұз мөлшерін азайттық. “Гүлденген социализмнің” тұсында да мұндай қамқорлық болмаған”, – деді Тоқаев.

Есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғы тегін берілуі мүмкін

Мемлекет басшысы есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыларды тегін беру мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, парламенттің бұрынғы құрамы мұндай құрылғыларды ақысыз беру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп шешкен.

“Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек. Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет”, – деді Тоқаев. 

Оған қоса президент, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті екенін айтты.

Мүгедектігі бар азаматтардың мәселесіне тоқталды

Сонымен қатар Тоқаев әлеуметтік салада, әсіресе түрлі деңгейдегі мүгедектікті анықтау кезінде заңды бұзу фактілері әлі де кездесетінін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың саны 800 мыңнан асып кеткен. Ал ел халқының саны 20 миллион.

“Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, “Бұлай болмауы тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес”. Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті”, – деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстандағы декреттік демалысқа қатысты жағдайды да мысал етті.

“Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді”, – деді Тоқаев. 

Президент Қазақстандағы азаматтарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау туралы қоғамға көбірек айту керегін жеткізді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 19 Қыркүйек, 2026 15:44