Бір көлікке 250 литр ауызсу жұмсалады: Қазақстанда көлік жуу орындары үшін су тарифін көтеріле ме
Қазақстанда суды қайта пайдалану жүйесі жоқ көлік жуу орындары үшін тарифті көтеру ұсынылды. Депутат Сергей Пономарев еліміздегі көлік жуу орындарының 85 пайызы суды қайта пайдаланбайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында елдегі ауызсу тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазір бір көлікті жууға 250 литрге дейін ауызсу жұмсалады. Ал осы судың бір бөлігін тазартып, қайта пайдалануға болады.
Пономаревтың айтуынша, елімізде тіркелген 3 285 көлік жуу орнының тек 15 пайызында суды тазартып, қайта пайдалану жүйесі бар. Қалғандары көлік жуу үшін ауызсу жұмсап отыр. Осыған байланысты Пономарев суды қайта пайдалану жүйесі орнатылмаған көлік жуу орындары үшін су тарифін көтеруді ұсынды. Депутаттың пікірінше, бұл кәсіпкерлерді су үнемдейтін жабдық орнатуға ынталандырады.
Ал жұмыс істеп тұрған көлік жуу орындарына жаңа талапқа бейімделу үшін екі жылға дейін уақыт беру ұсынылды. Осылайша кәсіпкерлер жабдықтарын біртіндеп жаңартып, бірден үлкен шығынға батпайды.

Депутат жаңадан ашылатын көлік жуу орындарына да талапты күшейту қажет деп санайды. Яғни суды тазартып, қайта пайдалану жүйесі болған жағдайда ғана мұндай нысандарды ашуға рұқсат беруді ұсынды.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі су тапшылығы мәселесін көтеріп, көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануды тоқтатуды тапсырған еді.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді