Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет әскери қызметтегі әйел күрең берет иегері атанды

Аян
Фото: gov.kz

Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет әскери қызметтегі әйел күрең беретке ие болды. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Аян Тұрсын күрделі сынақтардан сүрінбей өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аян Тұрсынға күрең берет кию құқығын беру туралы бұйрыққа Қазақстан Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қол қойған.

Күрең берет – арнайы мақсаттағы әскери бөлім қызметшілерінің ерекше айырым белгісі. Ол әскери шеніне немесе еңбек өтіліне қарай берілмейді. Оған қатаң іріктеуден өтіп, кәсіби біліктілігін дәлелдеген әскери қызметшілер ғана ие бола алады. Ал әскери қызметші кәсіби даярлық деңгейін жоғалтса, күрең берет кию құқығынан айырылуы мүмкін.

Мұндай сынақтар жыл сайын өткізіледі. Биыл күрең беретке ие болу үшін 170 үміткер бақ сынаған. Олар таулы аймақта әрекет ету, медициналық көмек көрсету, радиобайланыс, әскери инженерлік даярлық, дрондарды басқару және нысана көздеу бойынша сынақ тапсырған.

Сынақтың ең ауыр кезеңдерінің бірі – арнайы тапсырмаларды орындай отырып, 30 шақырым жолды еңсеру болған екен. Ал соңғы кезеңде үміткерлер қоян-қолтық ұрыста шеберліктерін көрсеткен.

Аян Тұрсын өзінің жетістігі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол күрең беретке ие болуды үлкен мәртебе әрі жауапкершілік деп бағалап, мұны Отанға адалдықтың, қайсарлықтың, тәртіп пен абыройдың символы деп атаған. Оның айтуынша, әскери қызмет пен спорт мінезін шыңдап, қиындыққа мойымауды үйреткен. Енді ол Қазақстанға абыроймен қызмет етіп, жаңа белестерді бағындыруды көздетінін айтады.

Аян Тұрсын әскери қызметімен қатар спорттағы жетістіктерімен де танымал. Ол – қоян-қолтық ұрыс, панкратион, ММА және жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, XIX Азия ойындарының қола жүлдегері.

2025 жылы Түркияның Бурса қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген. Ал 2026 жылдың көктемінде 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанған.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттағанын жазған едік. Мемлекет басшысы әйелдер арасында топ жарған "Томирис" арнайы жасақ құрамасының жетістігін ерекше атап өтіп, қыздардың кәсіби шеберлігі мен қайсарлығына жоғары баға берген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 16:44