Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалған бос жұмыс орындарын жариялауға мәжбүрлейді": Депутаттар HR Enbek платформасын сынады

депутаттар HR Enbek платформасын сынады
Фото: magnific.com

"Ақ жол" депутаттары HR Enbek платформасының жұмысын сынға алды. Олардың айтуынша, жүйе жұмыс берушілерге артық талап қойып, кейде жалған бос жұмыс орындарын жариялауға мәжбүрлейді. Ал талап орындалмаса 865 000 теңгеге дейін айыппұл салынатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, HR Enbek платформасында жұмыс берушілер қызметкер іздемесе де, барлық бос жұмыс орындарын Электрондық еңбек биржасына жариялауға міндетті. Депутаттар бұл талапты негізсіз деп санайды.

“Бұл талап жұмыс берушілерді бос жұмыс орындарын тек есеп үшін жариялауға мәжбүрлейді. Мысалы, компания өзіне қажетті қызметкерді тауып қойған болса да, Электрондық еңбек биржасына хабарландыру орналастыруы керек. Әйтпесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Соның салдарынан жұмыс берушілер шын мәнінде жоқ бос орындарды жариялайды. Ал жұмыс іздеп жүрген адамдар уақыты мен күшін осындай жалған хабарландыруларды қарап, олар туралы ақпарат іздеуге жұмсайды. Нәтижесінде, шынайы жұмыс табу да қиындай түседі”, – делінген сауалда. 

Депутаттар алдағы уақытта штат қысқарып, жұмыстан босатылуы мүмкін қызметкерлер туралы мәліметті алдын ала тапсыру талабын да негізсіз деп санайды.

“Заңнамада еңбек шартын бұзудан бір ай бұрын қызметкерлерді хабардар ету көзделген. Алайда, бұл уақыт аралығында кадрлық жағдай өзгеруі мүмкін: қызметкерлер басқа лауазымдарға ауысуы, өз еркімен жұмыстан шығуы, ал, жұмыс беруші штат құрылымын қайта қарап, қысқартудан мүлдем бас тартуы да мүмкін. Осылайша, жүйе жұмыс берушіні әлі орын алмаған кадрлық өзгерістер туралы есеп беруге және дұрыстығына кепілдік беру мүмкін емес мәліметтерді тіркеуге міндеттейді. Бұл еңбек қатынастарын есепке алу емес, әкімшілік жүктемені жасанды түрде арттыру”, – деді депутаттар.

Депутаттар жүйенің кейбір компанияларға жіберетін ескертулеріне де наразы. Мысалы, еңбек шарты мен зейнетақы жарналары туралы мәліметтер сәйкес келмесе, компанияға хабарлама келеді. Мұндай ескертулер тіпті жұмысын уақытша тоқтатқан немесе деректеріндегі айырмашылыққа нақты себебі бар ұйымдарға да жіберіледі. Сондай-ақ олар бос жұмыс орны туралы хабарландыру жариялағанда компанияның нақты мекенжайын электрондық картадан көрсету талабын да түсініксіз деп санайды.

“Бұдан бөлек, HR Enbek порталындағы нұсқаулықтардың көбі 2021 жылы жазылған. Олар жүйенің қазіргі жұмысына сай келмейді. Сондықтан жұмыс берушілер ескі ақпаратқа сүйеніп, қателесуі мүмкін. Портал жиі істен шығады және оған кіру кезінде қиындықтар бар. Мұның бәрі жұмыс берушілердің өз міндеттерін уақытында орындауына кедергі келтіреді. Тағы бір мәселе – қызмет атауларына қатысты. Жүйе оларды Ұлттық қызметтер жіктеуішіндегі атаулармен дәлме-дәл жазуды талап етеді. Тіпті атаудағы болмашы айырмашылықтың өзі жұмыс берушіге айыппұл салуға себеп болуы мүмкін”, – делінген хабарламада.

Депутаттардың айтуынша, осы талаптарды орындамаған жұмыс берушілерге 30-дан 200 АЕК-ке (129 750 теңгеден 865 000 теңгеге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Яғни, компанияларға артық талап қойылып қана қоймай, оны орындамағаны үшін де жауапқа тартылады.

Осыған байланысты "Ақ жол" депутаттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен HR Enbek платформасының жұмысын толық тексеруді сұрады. Сондай-ақ олар заңда жоқ артық талаптарды алып тастауды, жұмыстан босатылуы мүмкін қызметкерлер туралы алдын ала есеп беру міндетін жоюды және жүйедегі техникалық ақаулар үшін жұмыс берушілерді жауапқа тартпау тетігін енгізуді талап етті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмысынан айырылғандарға төлем мөлшері көтерілетіні туралы хабарлағанбыз. Бұған дейін алты айға дейін төленген қаражат енді ең көбі үш ай ғана беріледі. Ал ай сайынғы төлемнің жоғарғы шегі 346,5 мың теңгеге дейін өседі.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 15:22